Жаңа отбасының алғашқы ортақ таңдауы

Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінде орналасқан №130 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтуде. Ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан жас жұбайлар да шет қалмады.

Кеше ғана шаңырақ көтеріп, ақ некелерін қиған Ұзақбаев Райымбек пен Сыдихова Гәкку бүгін сайлау учаскесіне бірге келіп, өз таңдауларын жасады. Өмірлеріндегі жаңа кезеңді бастаған жас отбасы елдің болашағына қатысты маңызды таңдаудан да тыс қалмай, азаматтық міндеттерін орындады.

 

Ақ босаға аттап, жаңа өмірге қадам басқан қос жас үшін бұл күннің мәні ерекше. Отбасылық өмірлерінің алғашқы күндерінде бірге дауыс берген Райымбек пен Гәкку елдің ертеңі жарқын болғанын қалайтындарын жеткізді.

– Кеше ғана отбасын құрып, бүгін ел болашағы үшін маңызды сайлауға бірге келіп отырмыз. Біз үшін бұл – ерекше күн. Жаңа шаңырағымыздың берекелі, еліміздің болашағы жарқын болғанын тілейміз. Өз таңдауымызды жасап, азаматтық міндетімізді орындадық, – дейді жас жұбайлар.

Жаңа отбасының сайлауға бірге қатысуы – олардың отбасылық өмірдегі алғашқы ортақ қадамдарының бірі. Жастардың ел өміріне белсенді араласуы да жаңа қоғамның қалыптасуына деген сенімнің белгісі.

Айта кетейік, Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйіндегі №130 сайлау учаскесінде 1389 дауыс беруші тіркелген.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT