Салық — тек мемлекет қазынасын толтыратын құрал ма, әлде қарапайым халық пен кәсіпкердің мойнына түсетін ауыр жүк пе? Соңғы жылдары бұл сұрақ қоғамда жиі қойыла бастады. Әсіресе биылдан бастап енгізілген жаңа өзгерістер көпшіліктің назарын аударды. Біреулер оны бизнесті жеңілдетудің нақты қадамы десе, енді бірі қосымша талаптар мен жауапкершіліктің артқанын алға тартады. Қоғамда екіұдай пікір қалыптасқаны жасырын емес. Кәсіпкерлер үшін әрбір жаңа талап – шығын мен есептің артуы, ал мемлекет үшін – ашықтық пен тәртіпті күшейтудің тетігі. Осы тұста «жеңілдету» мен «қатаңдату» ұғымдарының ара-жігін ажырату өзекті бола түсті. Себебі салық саясаты – тек қаржы жинаудың құралы емес, ол елдегі экономикалық белсенділіктің деңгейін айқындайтын маңызды фактор. Жаңа өзгерістер шын мәнінде бизнесті қолдай ма, әлде көлеңкелі экономиканы қысқартудың кезекті қадамы ма? Аймақтағы кәсіпкерлер бұл реформаларды қалай қабылдады? Ал қарапайым тұрғындар үшін оның әсері қандай болмақ? Осы сауалдарға нақты жауап алу мақсатында біз Исатай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы РММ басшысы Әлім Абдуалиұлымен тілдескен едік.
Әлім Қонысовтың айтуынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі ел экономикасында жүйелі өзгерістерге жол ашты. Бір жыл бойы жан-жақты талқыланған бұл құжат салықтық әкімшілендіруді жеңілдетіп қана қоймай, кәсіпкерлікті қолдауға және бюджет түсімдерін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
- Жаңа Салық кодексі аясында енгізілген өзгерістер жүйелі әрі кешенді сипатқа ие. Ең алдымен, сараланған салық мөлшерлемелерін енгізілуі әрбір салық төлеушінің табысы мен қызмет ерекшелігіне қарай әділ жүктеме қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қосылған құн салығының реформалануы, «сән-салтанат салығының» енгізілуі қоғамдағы әлеуметтік теңгерімді сақтауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр. Арнаулы салық режимдерінің жаңартылуы кәсіпкерлік ортаға икемділік берсе, салық жеңілдіктерін алудың ашық әрі нақты ережелерінің әзірленуі бизнестің мемлекетке деген сенімін арттыра түспек. Бұдан бөлек, салықтық әкімшілендіруді толық цифрландыру, сервистік модельге көшу – уақыт талабынан туындаған шешімдер. Бұл өзгерістер салық төлеуші мен мемлекеттік орган арасындағы байланысты барынша жеңілдетіп, артық бюрократияны азайтуға жол ашады. Сондай-ақ салық есептілігі нысандарының 30 пайызға қысқаруы кәсіпкерлердің уақытын үнемдеп, олардың негізгі қызметіне көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасайды. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде түсіндіру мақсатында мамандарымыз апта сайын салық төлеушілермен «Халықтық бухгалтер» атты республикалық акция аясында ашық форматта кездесулер өткізіп, кеңес беруді жолға қойды. Мұндай ашық диалог алаңдары тұрғындардың көкейіндегі сұрақтарға нақты жауап беріп қана қоймай, олардың жаңа Салық кодексіне деген түсінігін арттыруға ықпал етеді. Соның нәтижесінде халықтың салықтық сауаты өсіп, заң талаптарын дұрыс орындауға деген жауапкершілігі де нығая түседі деген сенім бар,- дейді ол.
Жоғарыда атап өткендей елімізде енгізілген жаңа Салық кодексі экономиканы жаңғыртуға негізделген. Құжат аясында қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16 пайызға дейін өсіп, байлық салығы енгізілді. Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар үшін бұрын-соңды болмаған жаңа салық режимі қарастырылды. Бұл өзгерістер қоғамның түрлі тобына әрқалай әсер етуде. Бір жағынан, салық жүйесі жеңілдетіліп, цифрландыру үдерісі жеделдесе, екінші жағынан, кейбір кәсіпкерлер үшін салықтық жүктеме арта түсті. Сондықтан жаңа кодекс кәсіби сарапшылар арасында да қызу талқыланып жатыр.
ӨЗІН-ӨЗІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫҒАНДАР ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІК
Басшының пікірінше, реформаның ең тиімді тұсы – өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтарға арналған жаңа режимнің енгізілуі. Енді мұндай азаматтарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің немесе күрделі есептілік жүргізудің қажеті жоқ. e-Salyq Business немесе e-Salyq Azamat және екінші деңгейлі Kaspi.kz, Halyk қосымшалары арқылы табысын тіркеп, чек беру жеткілікті. Бұл – бюрократиялық кедергілерді азайтып, көлеңкелі табыс-ты заңдастыруға мүмкіндік береді. Аталған режим бойынша жылдық табыс 1,3 миллион теңгеден аспауы тиіс, ал салық мөлшерлемесі небәрі 4 пайызды құрайды. Оның құрамына әлеуметтік төлемдер, соның ішінде зейнетақы жарналары мен медициналық сақтандыру кіреді. Демек азаматтар тек салық төлеп қана қоймай, әлеуметтік тұрғыдан да қорғалады. Бұдан бөлек, такси қызметі, логистика, наубайхана, желілік маркетинг сынды 46 түрлі қызмет түріне жеңілдік қарастырылған. Бұл шағын кәсіптің дамуына жаңа серпін бермек.
КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ТҮСЕТІН САЛМАҚ ЖӘНЕ ЖАҢА ТАЛАПТАР
Сонымен қатар жеңілдетілген декларация режимі де өзгеріске ұшырап, бөлшек салық режимімен біріктірілді. Жаңа тәртіп бойынша жылдық табысы 2,5 миллиард теңгеге дейінгі кәсіпкерлер үшін 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленген. Алайда бұл көрсеткішті жергілікті әкімдік пен мәслихат оңайлатылған салық режимінің мөлшерлемесін екі пайызға төмендетті әрі өз қалауынша төмендетуге немесе арттыруға құқылы. Дегенмен жаңа реформаның барлығы бірдей оң нәтиже беріп отыр деу қиын. Жалпыға бірдей режимде жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін салықтық жүктеме айтарлықтай артты. Қосылған құн салығының 16 пайызға дейін көтерілуі және корпоративтік табыс салығының сақталуы бизнестің шығынын көбейтеді. Тіпті жеңілдетілген режимдегі серіктестермен жұмыс істегеннің өзінде толық салық төлеу қажеттілігі туындайды. 2026 жылғы жаңа Салық кодексіне сәйкес оңайлатылған салық режиміне аудан бойынша 1115 жеке кәсіпкер өз еріктерімен ауысқан. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің жаңа талаптарға бейімделуге дайын екенін көрсетсе, екінші жағынан олардың салықтық жүктемені оңтайландыруға деген ұмтылысын аңғартады.
МЕНШІККЕ САЛЫНАТЫН САЛЫҚ - ӘДІЛДІК ПЕН ЖЕҢІЛДІКТІҢ ҮЙЛЕСІМІ
Қоғамдағы экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуде салық саясатының орны ерекше. Соның ішінде меншікке салынатын салық – мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі. Соңғы өзгерістер бұл бағыттағы саясаттың тек қатаң талаптарға емес, сонымен қатар түсіністік пен қолдауға негізделгенін байқатады. Әсіресе, көлік құралдарына салынатын салық жүйесінде бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, пайдалану мерзімі он жылдан асқан автокөліктер үшін 30%-ға, ал жиырма жылдан асқан көліктерге бұл көрсеткіш 50%-ға дейін жеңілдетілді. Бұл – уақыт сынынан өткен көліктер иелеріне көрсетілген нақты қолдау. Ауыл шаруашылығын дамыту жолында да оң қадамдар бар. Шаруа және фермер қожалықтары үшін бір пикап көлігіне салынатын салықтан босату қарастырылған. Бұл шешім ауыл еңбеккерлерінің жұмысын жеңілдетіп, олардың өндірістік мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар бұрынғы жылдардағы салық есептеулеріне байланысты артық төлемдер мәселесі де назардан тыс қалмады. Ағымдағы төлемдердің есебі қайта қаралып, бұл жүктеме алынып тасталды. Бұл – ашықтық пен әділдікке негізделген жүйенің айғағы.
Қорыта айтқанда, жаңа Салық кодексі – ел экономикасының жаңа кезеңге қадам басқанын көрсететін маңызды құжат. Ол бір жағынан бизнесті дамытуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан салықтық тәртіпті күшейтіп, бюджет тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Уақыт өте келе бұл реформаның нақты нәтижелері мен тиімділігі айқындала түсетіні сөзсіз.
Еркебұлан УАЛИТХАН


