Бүкіл ел үшін, сондай-ақ, әрбір қазақстандықтың өмірінде жаңа кезеңнің басталуын білдіретін «Жаңару күні» адамдардың өткенді артта қалдырып, реніштерден арылып, жарқын болашаққа ұмтылысын танытады. Жаңа мақсаттар қою, перспективалы жобаларды бастау және оң өзгерістерге бейімделу — бұл күннің басты бағыттары ретінде қалыптасқан.
Наурыз мейрамы тек табиғаттың жаңаруы мен көктемнің келуін ғана емес, сонымен қатар адамзаттың рухани жаңғыруын, ұрпақтар сабақтастығын, дәстүрлер мен мәдениеттің қайта жаңаруын да білдіреді ғой. Соған сай «Жаңару күні» елімізде жасампаздыққа, еңбекке және бірлікке ұмтылудың маңызды күні ретінде аталып өтіп жүр.
Мән-маңызы әрқашан жақсылыққа, үмітке және жаңа табыстарға бастайтын осынау күнді ауылдастар да қуанышпен қарсы алды. Сөйтіп оның барысында бірі ұлттық ас мәзірін дайындады, енді біреулері табиғатты қорғау мақсатында ағаш түптерін қопсытты, айналасын тазартып, бұтақтарын әктеді, жаңадан жас шыбықтар отырғызды. Бұл аудан орталығындағы көптеген еңбек ұжымдарында, ауылдарда орын алды.
Солардың бірі – жырақтағы Жанбай ауылында да осындай игі істер атқарылып, «Табиғатты аялау – адамзат парызы» сынды ортақ тақырып аясында іс-шаралар ұйымдастырылғанына куә болдық. Ауылдағы тұрғындар, кейбір мекемелер қызметкерлері табиғат жанданып, тал-теректер түйнек салып жатқан тұста оларды күтіп-баптау жұмыстарын қолға алды.
-Мәдени-тарихи сабақтас-тықты дамыту – тал егіп, оларды күтіп баптау дәстүрін ұмыт қылмай, осылай қолға алу арқылы табиғатқа, айналамызға жанашырлықты дәріптеуді ойға алдық. Оған қолдау танытып жатқандардың баршасына ризамыз,-деді бізге ауылдық округ әкімі Ерлан Махсотов.


