Биыл білім саласында бірқатар жағымды жаңалық та бар. Соның бірі – Томан елді мекенінде 80 орындық бөбекжай-бақшаның құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отырғаны. Сондай-ақ Тұщықұдық ауылындағы Саз мектебінің құрылысы да аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілуі көзделуде. Ал Нарын ауылындағы 80 орындық балабақшаның құрылысы қарқынды түрде жалғасып жатыр. Бұған қоса «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.
Оқушылар санына келсек, өткен оқу жылында аудан мектептерінде 5221 оқушы білім алған. Биыл бұл көрсеткіш 5205 оқушыны құрап отыр. Жалпы оқушы саны аздап төмендегенімен, бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер қатары керісінше артып келеді. Былтыр бірінші сыныпқа 427 бала қабылданса, биыл 483 баланы қабылдау жоспарланған. Қазіргі таңда 389 өтініш қабылданып, бұл жалпы жоспардың 80 пайызын құрап отыр.
Жаңа оқу жылында ұстаздар қауымы жас мамандармен де толыға түспек. Бұл білім беру саласына тың серпін беріп, тәжірибелі мамандар мен жас педагогтердің өзара сабақтастығын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осылайша жаз бойы жүргізілген дайындық жұмыстары мәресіне жетіп, ауданның білім беру ұйымдары жаңа оқу жылын қарсы алуға дайын. 2026-2027 оқу жылы дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталып, ауданның барлық білім беру ұйымдары шәкірттерін қабылдайды.
Алғашқы қоңырау үнімен басталатын жаңа оқу жылы барша ұстаз бен шәкірт үшін табысты да тағылымды болсын! Ұстаздарға – шығармашылық ізденіс пен толағай жетістік, ата-аналарға – қуаныш пен сенім, ал оқушыларға – сапалы білім, биік мақсат және жарқын жеңістер тілейміз!
Еркебұлан ЗИНЕДЕН


