Жалалы жылдар залалы

ашық дереккөзден

 

31 мамыр – қазақ халқының жүрегіне жара салған қасіретті кезеңдерді еске алатын күн. Бұл – саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарының рухына тағзым ететін, өткеннің ащы сабағын ұмытпауға үндейтін тарихи дата. ХХ ғасырдың зобалаң жылдары ұлттың еңсесін түсіріп қана қойған жоқ, оның рухани тірегіне айналған талай арысты жалмаған қаралы кезең ретінде тарихта қалды

Кеңестік тоталитарлық жүйенің қыспағында Қазақстанда 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан аса азамат ату жазасына кесілді. Олардың қатарында елдің азаттығы мен болашағы үшін күрескен Алаш арыстары мен ұлт зиялылары болды. Олар «халық жауы» деген жаламен жазықсыз жапа шекті, ұлттың оянуына, білім мен ғылымның дамуына қызмет еткен бірегейлерді біртіндеп құртуды ойлаған қатыгез саясат дегенін істеп бақты.

Қуғын-сүргін тек азаматтарды ғана емес, олардың отбасыларын да аямады. Жазықсыз жандардың әйелдері мен балалары қорлық көріп, тағдыр тауқыметін тартты. Ақмола өңіріндегі «АЛЖИР» лагері – сол сұмдықтың үнсіз куәсі. Бұл лагерьде «халық жауларының әйелдері» деген айыппен мыңдаған ана азап шекті. Олар ешқандай қылмыс жасамаса да, күйеуінің тағдыры үшін жазаға тартылды. Аналардың көз жасы мен үзілген үміті – тарихтың ең ауыр беттерінің бірі.

Жергілікті жерлерде де ел ішіндегі жазықсыз адамдарды қудалау, бір-біріне жала жабу көптеген көзі қарақты, көкірегі ояу зиялы тұлғаларымыздан айырылумызға әкеліп соқтырды. Қазақ өлкелік партия комитеті 1927 жылғы қараша айындағы VI пленумында «Байларды тап ретінде жою» туралы мәселені талқылап, әрбір ауыл, аудан, округ бойынша байлардың құпия түрде мал-мүліктерін, жан есебін кәмпескеге жататын байлардың тізімдерін жасырын жасау туралы ОГПУ органдарына тапсырма берді. Деректерде кәмпеске қасіретіне шарпылған Қазақстандағы 12 округтің брі – Гурьев округі бойынша алғашқыда 33 байға тізім жасалынып, кейін 24 адам деп нақтыланғандығы да айтылады. Олардың арсында Қазақ Орталық комитеті мен Халық комиссарлары кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыздағы Декретіне байланысты Гурьев округіне қарасты Новобога ауданы бойынша да жер аударылған байлар болды. Олар Қаңбақты аулынан Смадияр Смағұлов, Бесаралдан Арыстанғали Бейсалиев, Манаштан Қажығали Мәсеков, Қаңбақтыдан Майран Омаров, Мыңтөбеден Қайырлы Құрманбаев, Қамысқаладан Ерғали Жармағанбетовтер болатын. Мұның сыртында қажылықта болған, құран тілінде сөйлейтін көзі ашық діндарлар тобы да тағдырдың сол бір тауқыметіне тап болып, өмірлерін құрбан етті.

Жалпы, сол жылдардағы ашаршылық та қазақ халқына орны толмас қасірет әкелді. Миллиондаған адам аштықтан көз жұмып, ел босып кетті. Бұл нәубет халықтың демографиялық, рухани және әлеуметтік дамуына орасан соққы болды. Ата-бабаларымыз бастан өткерген бұл зұлмат – ұлт жадынан өшпейтін қасірет.

Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана тарихи әділеттілік орнай бастады. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданып, жазықсыз жала жабылған азаматтардың есімі ақталды. Бұл – ел тарихындағы маңызды қадамдардың бірі еді. Өткенге әділ баға беру арқылы ғана ұлт санасы жаңғырып, тарихи жады беки түседі.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде: «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз»,-деген болатын.. Себебі өткенін ұмытқан халықтың болашағы бұлыңғыр болмақ. Сондықтан саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу – тек тарихқа тағзым емес, келер ұрпаққа аманат. 

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT