Жанбай ауылында робототехника кабинеті ашылды

Білім күні Жанбай ауылындағы оқушылар үшін ерекше жаңалықпен басталды. Х.Нәубетов атындағы орта мектепте «QADAM» робототехника кабинеті ашылып, ауыл балаларына заманауи технологияны меңгеруге жаңа мүмкіндік берілді.


Бүгінде технология қарқынды дамып, цифрлық сауаттылық пен инженерлік бағыттағы білімнің маңызы артып келеді. Соның ішінде робототехника – баланың логикалық ойлау қабілетін жетілдіріп, шығармашылық ізденісін арттыратын, техникалық дағдыларын қалыптастыратын маңызды бағыттардың бірі. Осы мүмкіндікті ауыл балаларына да қолжетімді ету мақсатында «B-elsendi» қоғамдық қорының төрағасы Дулат Шымановтың бастамасымен «QADAM» робототехника кабинеті жұмысын бастады.


Жаңа кабинет оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, робот құрастыру, бағдарламалау, инженерлік ойлау дағдыларын тәжірибе жүзінде меңгеруіне жол ашады. Кабинетте робототехникаға қажетті құралдар, 3D қаламдар және басқа да заманауи жабдықтар қарастырылған.
Кабинеттің салтанатты ашылу рәсімінде лента қию құрметі аудан әкімі аппаратының жалпы, жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Мейрамгүл Құрасова мен Жанбай ауылының әкімі Ерлан Мақсотовқа берілді.
Шара барысында ауыл әкімі жаңа бастаманың маңыздылығына тоқталып, кабинеттің ашылуына қолдау білдірген азаматтарға алғысын жеткізді.


– Дулат – ауылымыздың белсенді азаматы. Ауылда ұйымдастырылатын көптеген шараға үнемі қолдау көрсетіп, демеушілік жасап келеді. Бүгінгі жаңа кабинеттің ашылуы – соның тағы бір жарқын көрінісі. Жаңа кабинет құтты болсын! Балалардың білімі артып, зейіні ашылсын. Ең бастысы, осы жерден болашақ инженерлер мен ІТ мамандары түлеп шықсын,-деді ауыл әкімі Ерлан Ескендірұлы.


Ал Дулат Шымановтың айтуынша, жоба ауыл балаларының заманауи білімге қолжетімділігін арттыру мақсатында қолға алынған.


– Бұл кабинетті ашу туралы көптен бері ойлап жүрдім. Идеямды жоба ретінде ұсынып, Ақпарат және мәдениет министрлігінің қайтарымсыз грантын жеңіп алдым. Негізгі мақсатым – ауыл балаларына ІТ бағытында білім алуға мүмкіндік жасау, оларды инженерлік салаға қызықтыру. Қалада балалардың түрлі ақылы курстарға қатысуына мүмкіндік мол. Ал ауылда мұндай мүмкіндік шектеулі. Сондықтан ауыл балалары да сапалы білімді тегін меңгерсе деген ниетпен кабинетті мектеп базасында ашуды ұйғардым,-дейді ол.

Жоба аясында кабинет 3D-принтер, бес оқушыға арналған робототехника құралдары және 3D қаламдармен жабдықталған. Кабинет ашылған алғашқы күннің өзінде-ақ оған қызығушылық танытқан балалардың қатары көп болған. Үйірмеге 4-сыныптан бастап жоғары сынып оқушылары қатыса алады. Сонымен қатар бастауыш сыныптағы балалардың да робототехникаға қызығушылығы байқалып отыр. Бұл – ауыл балаларының жаңа технологияға деген талпынысының айқын көрінісі.
Енді жанбайлық оқушылар бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, робот құрастырып, бағдарламалау негіздерін үйреніп, өздерінің техникалық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алады.


Ж.СЕМБИЕВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT