Бұл жолғы концерттік бағдарламаны Жанбай және Нарын ауылдық округтерінің өнерпаздарды жалғастырды. Тұрғындардың жазғы уақытын тиімді ұйымдастыру және ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында дәстүрлі «Туған жер – өнер өлкесі» атты концерттік бағдарламаны жыл сайын аудан жұртшылығы асыға күтетіні анық.

Аталған кештің шымылдығы «Шабыт» домбырашылар ансамблінің орындауындағы «Ер Тұран» күйімен ашылып, ұлттық өнердің айбынын айшықтай түсті. Жүргізушілер туған жердің қасиеті мен өнердің құдіретін дәріптеген әсерлі жыр жолдарын оқып, көрермендерді рухани кештің сәніне бөледі.
Концерт барысында көрермендер ән, би және музыкалық композицияларға толы мазмұнды бағдарламаны тамашалады. Сахнада Ұлдана Бейсенбі, Асылым Сырым, Айдар Бекет, Алтын Жұмашева, Гүларай Әлжанқызы, Ерсұлтан Ерболұлы, Айболат Нұрсапин, Жанерке Қабдол, Дильназ Махмудова, Айза Сәндібекқызы, Нұрбай Болатбек және өзге де өнерпаздар өнер көрсетті. Сонымен қатар бишілер ұжымы ұлттық және заманауи билерін ұсынып, «Үш қоңыр» тобы орындаушылары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Әрбір өнерпаздың өнері туған жерге деген сүйіспеншілікті, ұлттық құндылықтарды және ауыл мәдениетінің байлығын дәріптеп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Арасында замануи әндерде шырқалып, концертті тамашалауға келген бүлдіршіндер трендтегі әндеріне би де биледі. Концертке жиналған аудан тұрғындары мен қонақтары өнерпаздардың орындауындағы ән-күйлерді зор ықыласпен қабылдап, ыстық қошемет көрсетті.
Кеш соңында Исатай ауданының әкімі Нұрым Бекежанұлы Мусин сахна төріне көтеріліп, аудан тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ұлттық өнерді дәріптеуге қосқан үлестері үшін өнерпаздарға шынайы ризашылығын білдірді.

– «Туған жер – өнер өлкесі» тақырыбындағы ауылдық округтердің концерттік бағдарламасы биыл төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Жыл сайын жаз мезгілінде өтетін бұл мәдени жоба аудан тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, жаңа таланттардың танылуына және олардың өнер жолына қадам басуына үлкен мүмкіндік беріп келеді. Өткен аптада шалғай ауылдың сазды сәлемін тамашаласақ, бүгін Жанбай және Нарын ауылдарының өнерпаздарының өнеріне куә болып отырмыз. Осы ретте өз атымнан және аудан тұрғындары атынан барша өнерпаздарға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздерге шығармашылық табыс, шалқар шабыт және толағай жетістіктер тілеймін», – деді аудан әкімі.
Кеш барысында Нарын және Жанбай ауылдық округі өнерпаздарына алғыс хат табыс етілді. «Туған жер – өнер өлкесі» тақырыбында бұл концерттік бағдарламалар ауданның мәдени өмірін жандандырып қана қоймай, өнерлі жастардың шығармашылығын кеңінен насихаттауға, ұлттық өнерді ұлықтауға және тұрғындардың мәдени демалысын мазмұнды ұйымдастыруға өз үлесін қосатыны сөзсіз.


Еркебұлан УАЛИТХАН


