Жанбай ауылдық округінде «Потенциал Ойл» ЖШС-нің демеушілігімен жаңа балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Аталған жоба жергілікті әкімдік пен серіктестік арасында жасалған меморандум аясында жүзеге асырылды.
Ойын алаңы ауылдың шеткі көшелерінің бірі – Сейфуллин көшесінде орналасқан. Құрылыс жұмыстарын «Мұқашев» мердігер мекемесі жүргізді. Аталған мәселе бұған дейін аудан басшысының жергілікті тұрғындармен кездесулерінде бірнеше рет көтерілген болатын.Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Нұрым Мусин ауыл тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтап, әлеуметтік бастамаға қолдау көрсеткен «Потенциал Ойл» ЖШС ұжымына Алғыс хат табыстады. Мерекелік шара барысында балаларға арнап тәтті дастарқан жайылып, тегін балмұздақ таратылды. Балалардың көптен күткен қуанышын өз көзімен көрген ауыл тұрғыны Мүстажап Аяшев құрылыс нысанына атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірді.

–Бұрын балаларымыз көшеде ойнап жүрсе, енді қауіпсіз әрі жайлы жерде уақыт өткізетін болды. Бұл – тек ойын алаңы емес, өскелең ұрпаққа жасалған қамқорлықтың белгісі. Осындай игі іске мұрындық болған азаматтарға, демеушілерге және құрылысқа атсалысқан барша жандарға ауыл тұрғындары атынан шынайы алғысымды білдіремін. Туған жерге жасалған әрбір жақсылық елдің ертеңіне қосылған үлес деп білемін,-деді ол.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, үш жылға жасалған меморандум аясында ауылдың кіреберісіне жасыл желек қоршауы орнатылып, екі балалар ойын алаңы салынды. Сонымен қатар серіктестік түрлі мәдени-көпшілік және қайырымдылық шараларына тұрақты түрде демеушілік көрсетіп келеді. Алдағы уақытта қос тарап жаңа меморандумға қол қойып, ауылдың әлеуметтік дамуына бағытталған игі бастамаларды одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр.


