Жанбай ауылында індет белгілері 12 наурыздан бастап тіркеліп, жағдай бірден ветеринар мамандардың бақылауына алынды. Аурудың алғашқы белгілері байқалысымен-ақ індеттің таралуына жол бермеу үшін барлық ауырған малдар жедел түрде оқшауланып, шектеу шаралары қолға алынды. Қазіргі таңда ауыл бойынша 22 ауладан 78 бас мүйізді ірі қара малдың ауырғаны анықталды. Оның ішінде 8 бас мал ем-шаралардың нәтижесінде сауығып шыққан. Ал қалған малдарға кешенді түрде симптоматикалық ем жүргізілуде.
Атап айтқанда, жануарлардың ауыз қуысы арнайы ерітінділермен өңделіп, инфекцияның асқынуын болдырмау мақсатында антибиотиктер қолданылуда. Бұл шаралар малдың жағдайын жеңілдетіп қана қоймай, аурудың әрі қарай өршуінің алдын алуға бағытталған. Мамандардың айтуынша, ауру белгілері бұған дейін басқа ауылдық округтерде тіркелген жағдайларға ұқсас. Сондықтан барлық әрекет індеттің таралу тізбегін үзуге бағытталып отыр. Әрбір ошақ тұрақты бақылауда ұсталып, малдардың жағдайы күнделікті тексерілуде. Сонымен қатар аудан көлемінде жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу мақсатында жоспарлы профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстарға малдарды уақытылы тексеру, вакцинациялау, қора-жайларды залалсыздандыру және тұрғындар арасында түсіндіру шаралары кіреді. Жалпы, Жанбай ауылындағы жағдай бақылауда болғанымен, мамандар сақтық шараларын әлсіретпеу керектігін ескертеді. Себебі індеттің толық жойылуы тек уақытылы ем мен жүйелі профилактикаға ғана емес, әрбір мал иесінің жауапкершілігіне де тікелей байланысты.
Жалпы алғанда, ауданда тіркелген індет жағдайы бақылауға алынғанымен, қауіп толық сейілді деуге әлі ерте. Жүргізілген жедел әрі жүйелі ветеринариялық шаралардың нәтижесінде аурудың таралуы тежеліп, ауырған малдардың басым бөлігі сауығып шықты. Ең бастысы – мал шығынына жол берілмеді. Дегенмен індеттің қайта өршу қаупі сақталып отыр. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтау, дезинфекциялық жұмыстарды үздіксіз жүргізу және малдың жағдайын тұрақты бақылауда ұстау – күн тәртібінен түспеуі тиіс. Бұл бағытта тек мамандардың ғана емес, әрбір мал иесінің жауапкершілігі шешуші рөл атқарады.Мал амандығы – ел тыныштығының кепілі. Сондықтан сақтық пен жүйелі жұмыс қана індеттің алдын алып, ауыл шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Жайна ӨМІРҚҰЛ


