Бүгін Өнер мектебінде қазақ қызына тән нәзіктік пен парасатты, сұлулық пен өнерді ұлықтаған «Аудандық Qazaq Aruy – 2026» байқауы өткізілді. Ұлттық болмысты дәріптеп, жас қыздардың шығармашылық қабілетін шыңдауға бағытталған тағылымды шара көрермендерге ерекше әсер сыйлады.Бұл байқау Исатай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті.
Кештің жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген бас демеуші – Аққыстау орта мектебінің 11-сынып оқушысы, ауданның белсенді жасы әрі волонтер Зере Жұмабекова. Сондай-ақ, Жастар орталығы жанынан құрылған «Сырғалым» қыздар клубының ұжымы да шараның мазмұнды өтуіне үлес қосты.
Кеш шымылдығы сахнаға әсем дефиле жасап шыққан арулардың шеруімен ашылды. Байқауға аудан мектептерінен іріктелген 10 қатысушы қатысып, өзара бақ сынады. Олар – Тұщықұдықтық Нұргүл Мұқси, зинедендік Дина Берікбай, Дана Сағатпай, Алмаз Ғалымжан, Мадина Сағынғалиқызы, жанбайлық Ақзер Бекет, аққыстаулық Парасат Жайсаң , Жұлдызай Қуанышқызы, Нұрсая Дауренқызы, Айару Мұратбекқызы.
Байқау барысында қатысушылар өздерінің сұлулығымен ғана емес, өнерімен, тапқырлығымен, ұлттық дәстүрге деген құрметімен де ерекшеленді. Көрермендер де шараға белсенді қатысып, арнайы QR-код арқылы өз таңдаған аруларына дауыс берді.
Тартысқа толы өткен байқауға қатысқан барлық аруларға түрлі номинациялар табысталып, Алғыс хаттармен марапатталды.
Байқау қорытындысы бойынша үздік үштік анықталып, үшінші орынға зинедендік ару Мадина Сағынғалиқызы ие болды. Екінші орынды аққыстаулық Парасат Жайсаң иеленсе, шашасына шаң жұқтырмаған жанбайлық ару Ақзер Бекет бас жүлдені жеңіп алып, «Қазақ аруы» аталымының иегері атанды.
Кеш соңында Жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрдәулет Ателов байқауға қатысқан аруларға, әділқазылар алқасына және шараның өтуіне қолдау білдірген барша азаматтарға алғысын жеткізді.
Сонымен қатар, ауданның белсенді кәсіпкерлері демеушілік танытып, байқау қатысушыларына арнайы сыйлықтарын табыстады.


