Жанбайлық түлектер ауылға саябақ тарту етті

 

Жанбай ауылындағы Хамидолла Наубетов атындағы орта мектептің 57-ші түлектері мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай туған ауылына сый жасап, аумағы 1400 шаршы метр болатын жаңа саябақ салды.

Түлектер қолға алған бұл игі бастама жыл сайынғы дәстүрдің жалғасы болып отыр. Бұған дейінгі түлектер ауылға жасыл желек қоршауы мен балалар ойын алаңын тарту етсе, биылғы 57-түлектердің сыйы ауылдың экологиялық ахуалын жақсартуға, тұрғындардың тынығуына қолайлы жағдай жасауға және елді мекеннің көркін арттыруға бағытталған.

Саябақтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Нұрым Мусин ауыл түлектеріне ризашылығын білдіріп, олардың туған жердің дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Өз кезегінде түлектер саябақтың символикалық кілтін ауылдық округ әкіміне табыстады.

Салтанатты лента қиылғаннан кейін жергілікті билік өкілдері мен ауыл тұрғындары саябаққа егілген көшеттерге су құйып, игі істің бастауына куә болды. Ауылдың орталығынан бой көтерген саябақ аумағына 70-тен астам ағаш көшеті отырғызылып, айналасы өрнек тастармен абаттандырылған. Тұрғындардың жайлы демалуына жағдай жасау мақсатында саябаққа 6 орындық орнатылып, түнгі уақытта жарықтандыру жүйесімен қамтамасыз етілген.

Түлектер саябақтың келешегін ескеріп, егілген ағаштарды күтіп-баптау мақсатында жазғы су желісі арқылы тамшылатып суару жүйесін орнатуға қажетті инфрақұрылымды алдын ала дайындап қойған. Түлектердің айтуынша, бұл жұмыстар мұнымен шектелмейді. Олар саябақты алдағы уақытта да назардан тыс қалдырмай, ағаштардың күтіміне көңіл бөліп, көгалдандыру жұмыстарын жалғастыруға ниетті. Бұл бастама саябақтың көркейіп, ауыл тұрғындарының игілігіне ұзақ жылдар қызмет етуіне ықпал етпек.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT