Жас аспаз Жанасыл ұсынған табиғи тағамдар

 

Бүгінде отандық өнімді қолдау – тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, ұлттық құндылықтарды қадірлеудің де айқын көрінісі. Әсіресе, тағам өндірісінде жергілікті шикізатты пайдаланып, табиғи әрі сапалы өнім ұсынуға ден қойған кәсіпкерлердің қатары күн санап артып келеді. Бұл – бір жағынан ел экономикасына серпін берсе, екінші жағынан тұтынушыларға таза әрі сенімді өнім ұсынудың маңызды жолы. Осындай игі істі қолға алғандардың қатарында Аққыстау ауылында жартылай дайын өнім дайындаумен айналысып жүрген ана мен бала да бар. Олар өз кәсіптерінде мүмкіндігінше отандық өнімдерді пайдалануға басымдық беріп, халыққа табиғи әрі дәмі тіл үйірер тағам ұсынуды мақсат етеді. Бұл істің алдыңғы қатарында жүрген жас аспазшы Жанасыл Серікқали – өз кәсібіне шынайы ықыласпен келген жан. Жас болса да, жүрек қалауымен аспаздық жолды таңдап, еңбекқорлығымен көптің назарын аударып келеді. Көбіне «аспазшы» дегенде ойымызға нәзік жандар оралары рас. Алайда біздің кейіпкеріміз бұл ұғымның аясын кеңейтіп, өз ісіне деген жауапкершілігі мен шеберлігін дәлелдеп жүрген жас мамандардың бірі. Отбасылық кәсіптің дамуына өзіндік үлес қосып, анасының жанынан табылып жүрген жас аспазшының еңбегі мен талпынысы көпке үлгі болары сөзсіз. Осы орайда біз жас аспазшы Жанасыл Серікқалимен әңгімелесіп, оның таңдаған жолы мен кәсібінің қыр-сыры туралы сұхбаттасқанды жөн көрдік.

 

–Жанасыл Әділетұлы, жалпы осы кәсіпкерлік саласындағы отандық өнімді, яғни жартылай дайын өнім дайындау идеясын қалай бастадыңыздар? Бұл кәсіпке келу жолдарыңыз қандай болды?

– Бұл идея біздің отбасымыздағы күнделікті тұрмыстық тәжірибеден бастау алды десем болады. Оқуымды аяқтап, туған жерге оралғаннан кейін анамның кондитерлік цехында жұмыс істеп, дайын өнімдерді әзірлеуге белсене араласа бастадым. Жалпы бұрын  Атырау қаласында  «Сарқыт» мейрамханасы,  CJ кафесінде, Renaissance қонақ үйінде жұмыс жасай жүріп, тағам дайындаудың қыр-сырын үйреніп, әр өнімнің сапасына ерекше мән беру керектігін түсіндім. Негізі, бала кезден үйде түрлі тағам әзірлеуге қызығушылығым болды. Әуелі өзіміз үшін дайындап көріп, кейін туыстарымыз бен жақындарымызға ұсынып жүрдік. Олар біздің тағамдардың дәмі мен табиғилығын ерекше атап, жиі сұрай бастады. Қазір қай салада болсын отандық өнімді дамыту өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының басым бөлігін отандық табиғи, таза өнімдердің құрауы аса маңызды. Осы сәтте қазіргі қоғамда адамдардың уақытты үнемдеуге тырысатынын, алайда сапалы әрі табиғи жартылай дайын өнімдерге деген сұраныстың артып келе жатқанын аңғардық. Қарап отырсаңыз, қазір қай  дүкенге бара қалсаңыз да,  сөрелерінде жартылай дайын тамақтың түрлері өте көп. Жұмысбасты отбасылар, сондай-ақ студенттерге бұл таптырмайтын мүмкіндік. Тек қана дайын дүниені үйге барып, пісіре саласың. Бұл да заманның, технологияның жылдан жылға дамып келе жатқанының бір дәлелі. Бүгінде бізде күніне әр тауар түрінен 10-15 килограмм өнім өндіріледі. Ең жоғары сұранысқа ие өніміміз – тұшпара мен жайма. Олардың сапасын куәландыратын лицензия алдық. Осылайша, отбасымызбен ақылдаса отырып, үй жағдайында дайындалып жүрген тағамдарды кәсіби деңгейге көтеріп, оны кәсіпке айналдыру туралы шешім қабылдадық. Басты мақсатымыз – халыққа қолдан жасалған, сапасы жоғары, табиғи әрі дәмді отандық өнім ұсыну болды. Бүгінде осы бағытта еңбек етіп, тұтынушылардың сеніміне ие болуға тырысып келеміз. 

 

–Ана мен бала ретінде бірлесіп жұмыс істеудің ерекшелігі неде? Жалпы аспаздық білім алуыңыз кәсіптің дамуына қалай әсер етті?

– Ана мен бала ретінде бірлесіп жұмыс істеудің де өзіндік ерекшелігі бар. Ең бастысы – бір-бірімізді жақсы түсінеміз, ойымыз бен мақсатымыз бір арнада тоғысады. Отбасылық кәсіп болғандықтан арадағы сенім де ерекше. Күнделікті жұмыста бір-бірімізге сүйеніп, ақылдасып, кез келген мәселені бірге шешуге тырысамыз. Осындай түсіністік пен қолдаудың арқасында жұмысымыз да үйлесімді жүріп келеді. Әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен атқаруға тырысамыз. Кәсіптің негізгі шаруалары өзара келісім арқылы бөлінген. Мәселен, шикізат өнімдерін таңдап, олардың сапасын қадағалау ісін анам өз мойнына алған. Сонымен қатар өнімдердің сапасы, бағасы және тауарлардың сыртқы қаптамасы да анамның бақылауында. Себебі кез келген өнімнің тұтынушыға сапалы әрі тартымды күйде жетуі – кәсіптің басты талаптарының бірі. Жалпы кондитерлік цехта жартылай дайын өнімдердің болуы да маңызды рөл атқарады. Мұндай өнімдер уақытты үнемдеуге, жұмыс барысын жеңілдетуге және тапсырыстарды жылдам орындауға мүмкіндік береді. Бұрын цехта кәсіби аспазшы болмағандықтан мұндай өнім түрлері көп дайындала бермейтін. Көбіне дайындалатын тағамдар саны шектеулі болатын. Ал аспаздық білім алуым кәсіптің дамуына оң әсерін тигізді. Бұл білім маған тағам дайындаудың жаңа технологияларын меңгеруге, түрлі рецептураларды тәжірибеде қолдануға және өнімдердің дәмін жетілдіруге жол ашты. Сонымен қатар заманауи аспаздық бағыттарды үйрену арқылы мәзірге жаңа тағам түрлерін енгізуге мүмкіндік туды. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың қызығушылығын арттырып, цех өнімдеріне деген сұраныстың көбеюіне ықпал етті. Бүгінде біз тек дәстүрлі өнімдермен ғана шектелмей, түрлі жартылай дайын тағамдар мен жаңа дәмдерді де ұсынуға тырысамыз. Соның нәтижесінде цехтағы өнім ассортименті кеңейіп, тұтынушыларға ұсынылатын  тағам түрлері де көбейе түсті.Бұл – отбасылық еңбектің, ізденіс пен білімнің арқасында қол жеткізген нәтижеміз.

 

 

–Өнімдеріңізді дайындауда жергілікті, отандық шикізатты қаншалықты пайдаланасыздар? Тұтынушылар көбіне қандай өнімдеріңізді сұрайды?

Жалғасы газеттің №10 (4275) санында

 

Сағыныш ҚАЙЫР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT