Жас аяқдопшылар – «DAMU CUP–2026» додасының жеңімпазы

 

Аудан спорты үшін биылғы жыл табысты белестермен айшықталуда. Әсіресе футбол саласында жас буынның қарымы мен қайраты жарқырай көрініп, жеңісті дәстүр жалғасын табуда. Жас аяқдопшыларымыз әр ойында тек шеберліктерін шыңдап қана қоймай, туған жердің намысын биік ұстап, үлкен үміттің үдесінен шығуға ұмтылып келеді. Осы серпінді жолдың жарқын дәлелі – Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында өткен 2013–2014 жылы туған жасөспірімдер арасындағы «DAMU CUP–2026» республикалық турнирі. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 12 команда бақ сынаған байрақты бәсекеде Исатай ауданының намысын қорғаған құрама команда айқын басымдық танытып, барлық қарсыласын сүріндіріп, чемпион атанды.

Исатай аудандық, Жанбай  балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және «Барыс» балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлық клубы спортшыларынан жасақталған команда ұйымшылдығы мен табандылығының арқасында жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетті. Әр матч сайын шеберлік пен мінезді ұштастыра білген өрендер жеңіске деген жігердің үлгісін танытты. Турнир қорытындысында Жанбай БЖСМ тәрбиеленушісі Бекнұр Қаженбай «Үздік ойыншы» атанып, жеке шеберлігінің жоғары екенін дәлелдеді. Ал команданың жеңіске жетуіне зор үлес қосқан жаттықтырушылар Заманбек Шманов пен Айбол Бисенбаев – аудандық лигада өз ауылдарының үздік ойыншылары ретінде де танылған тәжірибелі мамандар.

Команда капитаны әрі ойыншысы Заманбек Сиғуатұлы алдағы уақытта тек республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық ареналарда да тайсалмай өнер көрсететін футболшыларды тәрбиелеуді мақсат етіп отырғанын жеткізді.

–    Біз ойнай алмаған биік белестерге шәкірттеріміздің жеткенін көру – кез келген жаттықтырушы үшін ең үлкен жетістік. «Ұстаздан шәкірт озар» деген асыл сөздің мәнін бүгінде тереңірек түсініп, соған сай еңбек етіп келеміз. Қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі топ-клубтарда өнер көрсетіп жүрген қазақ футболшысының болмауы, әрине, көңілге қаяу түсіреді. Ал көршілес елдің өкілі – Абдуқодир Хусанов сияқты жас футболшылардың Англия Премьер-лигасы деңгейіндегі беделді командаларда ойнауы және Өзбекстан ұлттық құрамасының әлем чемпионатына жолдама алуы – бұл жай ғана кездейсоқ жетістік емес. Бұл – спортқа жүйелі түрде көңіл бөлудің, инфрақұрылымды дамытудың және жас буынға дұрыс бағыт-бағдар берудің нақты нәтижесі. Біз де дәл осындай деңгейге жетуге толық негіз бар деп сенеміз. Өйткені ауданымыз бүгінде спорт кешендерімен 100 пайыз қамтылып, жас спортшылардың сапалы жаттығуына барлық жағдай жасалған. Ендігі мақсат – сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, тәртіп пен табандылықты серік еткен шәкірттерді тәрбиелеу. Болашақта біздің де ауданнан әлемдік ареналарда ел намысын қорғайтын, үлкен клубтардың жейдесін киетін футболшылар шығатынына сенімдімін, – дейді ол.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT