Жас ұстаздар отбасы ел болашағына дауыс берді

Исатай ауылдық округіндегі №137 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Ел өміріндегі маңызды саяси науқанға ауыл тұрғындарымен бірге шаңырақ көтергеніне көп бола қоймаған жас отбасы да қатысты.

25 шілдеде отбасын құрған Темірхан Әзербаев пен Асем Агниязова №137 сайлау учаскесіне бірге келіп, өз таңдауларын жасады. Бұл – жас жұбайлардың отбасы құрғаннан кейінгі алғашқы ортақ қоғамдық іс-шараларының бірі.

Ерлі-зайыптылардың екеуі де ұстаз. Темірхан Исатай орта мектебінде орыс тілі пәнінен сабақ берсе, жұбайы Асем ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Жас мамандар шәкірттерге білім берумен қатар, ел өміріндегі маңызды мәселелерге де белсенді араласып келеді.

– Жақында ғана шаңырақ көтеріп, бүгін алғаш рет осындай маңызды саяси науқанға ерлі-зайыпты болып бірге қатысып отырмыз. Біз үшін бұл – ерекше сәт. Еліміздің болашағы жарқын, жастарға мүмкіндігі мол мемлекет болғанын қалаймыз. Сондықтан өз таңдауымызды жасап, азаматтық міндетімізді орындадық, – дейді жас жұбайлар.

Жаңа отбасының сайлауға бірге қатысуы – олардың ортақ өмір жолындағы алғашқы қадамдарының бірі. Білім саласында еңбек етіп жүрген қос жас ел болашағы үшін жауапкершілікті сезініп, өз таңдауларын жасады.

Айта кетейік, Исатай ауылдық округіндегі №137 сайлау учаскесінде 802 дауыс беруші тіркелген.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT