Францияның жүрегі – Парижде өткен 36-шы халықаралық “Etoile’s de Paris” («Париж жұлдызы») фестиваль-байқауы биыл да әлемнің түкпір-түкпірінен келген таланттарды тоғыстырды. Өнердің шекарасы болмайтынын дәлелдеген бұл байқауда Қазақстанның намысын қорғаған Исатай ауданының жас өнерпаздары зор жетістікке жетіп, Бас жүлдені қанжығасына байлады.
Байқауға барлығы 200-ге жуық жас қатысушы жиналып, Қазақстан, Франция, Украина, Болгария, Греция, Молдова, Румыния, Армения және Грузия елдерінің дарынды өкілдері өнер көрсетті. Осындай бәсекесі жоғары додада Ш. Шәріпов атындағы өнер мектебінің шәкірттері өз шеберліктерімен дараланып, қазақ өнерінің биігін халықаралық сахнада айқын таныта білді.
Париж төрінде күмбірлеген домбыра үні – бұл тек музыкалық шығарма ғана емес, ол – ұлттық рухтың, ата-баба аманатының жаңғырығы еді. Кішкентай ғана ауылдан шыққан өнерлі өрендер сахнаға шыға салысымен-ақ көрермен жүрегін баурап, француз жұртшылығын қазақтың қасиетті өнерімен тәнті етті. Әуежайда домбыраларын қолдарына алып, ұлттық әуенді төккен сәт – шетелдік көрермен үшін де, ел намысын арқалаған жас таланттар үшін де ерекше әсерлі көрініске айналды.

Ауылдан шыққан дарынды жастардың әлемдік деңгейдегі додада топ жаруы – қазақ өнерінің өміршеңдігін, ұлттық мәдениеттің қуатын көрсетеді. Олар тек өнер көрсетіп қана қоймай, өз елінің рухани байлығын, мәдени келбетін паш етті.
Өнерпаздардың жетістігінде Шәмшиден Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің «Халық әні» сыныбының негізін қалаушысы, республикалық конкурстардың лауреаты, зерттеуші-педагог әрі жетекші Әсем Жолдасқызының еңбегі зор. Париждің білікті мамандары оның кәсіби деңгейіне жоғары баға беріп, «Сіз өте жоғары деңгейдегі маман екеніңізді көрсеттіңіз» деген жылы лебіздерін білдірді. Бұл – ұстаз еңбегінің халықаралық деңгейде мойындалуының айқын дәлелі.

Париж сахнасында жарқыраған бұл жеңіс әрине Исатай өңірінің ғана емес, барша қазақ елінің мақтанышы. Домбыраның күмбірі Еуропа төрінде шырқалып, қазақ өнерінің мәртебесін тағы бір биікке көтерді.


