Жастар арасындағы нашақорлық мәселесі бүгін қоғам үшін ең өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Осындай күрделі әлеуметтік дерттің алдын алуда спорттың рөлі ерекше екені анық. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі ретінде ауданда «Нашақорлыққа қарсы күрес» күніне орай жасөспірім қыздар арасында волейболдан республикалық турнир өтті. Ауқымды спорттық шара аудан әкімдігі, «Amanat» партиясы және аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен өтіп, ұйымдастыру жұмыстарын Исатай балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қолға алды.
Үш күнге созылған жарысқа Атырау облысының барлық аудандарынан және Ақтөбе қаласынан келген 18 команда қатысты. Қатысушылар санының көп болуы ұйымдастырушыларды жарысты бір мезетте екі спорт алаңында өткізуге мәжбүр етті. Бұл – волейболға деген қызығушылықтың ғана емес, жастар арасында бұқаралық спорттың маңызы артып келе жатқанының айқын көрінісі.
Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Асхат Жұмабековтің айтуынша, соңғы жылдары ауданда волейбол спорты қарқынды дамып келеді. Бұған жергілікті жас спортшылардың республикалық жарыстардағы жетістіктері дәлел. Аудан намысын қорғап жүрген талантты волейболшылардың табысы кейінгі буынға үлкен мотивация беруде.
–Қазіргі қоғамда жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі жиі көтеріледі. Әсіресе әлеуметтік желі мен түрлі теріс әсерлер көбейген кезеңде жас-тарды спортқа бағыттау тәрбиенің де, қауіпсіздіктің де маңызды құралына айналды. Спортпен тұрақты айналысатын жасөспірімдердің зиянды әдеттерге бейім болуы әлдеқайда төмен. Сондықтан мұндай турнирлерді тек жарыс ретінде емес, әлеуметтік профилактиканың маңызды тетігі ретінде қарастыруға болады. Бүгінде жастар чемпион спортшыларға қарап бой түзейді. Олар жеңісті тек медаль емес, еңбек пен тәртіптің нәтижесі екенін түсіне бастады. Бұл – спорттың ең үлкен тәрбиелік күші,-дейді ол.
Расында, соңғы уақытта ауданда волейбол спортының жүйелі түрде дамып келе жатқаны байқалады. Бұрын көбіне облыс орталығының командалары алда жүрсе, қазір аудан спортшылары да ірі жарыстарда өз мүмкіндігін дәлелдей бастады. Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанған Таңшолпан Нұрбергенқызы мен ел чемпионатында күміс жүлде иеленген Алиахмет Нұрбекұлы, сондай-ақ, әйелдер арасында волейболдан ел чемпионатының жоғарғы лига ойындарының күміс жүлдегері Гүлдана Мерей секілді жас спортшылар – соның нақты дәлелі. Тартысқа толы өткен турнир қорытындысында атыраулық «Бүркіт Атырау» командасы чемпион атанды. Команда ойын барысында жоғары дайындық пен тактикалық шеберлігін көрсете білді. Екінші орын Исатай аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасына бұйырса, үшінші орынды Махамбет аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің волейболшылары еншіледі. Жарыс барысында жеке шеберлігімен ерекшеленген спортшылар да назардан тыс қалмады. «Үздік либеро» аталымы Фариза Бектұрғанқызына берілсе, Әнел Нұрбаева «Үздік жалғаушы» номинациясын иеленді. Ал Дария Камали «Үздік тосқауылдаушы» атанса, Еркеназ Жақсыбай «Үздік шабуылшы» ретінде марапатталды.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ


