Жасампаз жастар – елдің ең үлкен капиталы

 

«Мен жастарға сенемін!» – деп сыршыл ақын Мағжан Жұмабаев ғасыр бұрын ұлттың болашағын жас буынмен байланыстырған еді. Арада қанша уақыт өтсе де, ақынның осы сенімі өз маңызын жоғалтқан жоқ. Өйткені қай қоғамның да қозғаушы күші – білімді, белсенді, жауапты жастар. Елдің ертеңі туралы сөз болғанда ең алдымен жас ұрпақтың арманы, талпынысы мен еңбегі айтылады. Сондықтан да әлем жұртшылығы жыл сайын 12 тамызды Халықаралық жастар күні ретінде атап өтіп, жастардың қоғамдағы орны мен олардың әлеуетіне ерекше назар аударады. Ауданда да жастарға қолдау көрсету – басым бағыттардың бірі.

Аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрдәулет Ателовтың айтуынша, ауданымызда 14–35 жас аралығындағы 8 582 жас бар. Оның ішінде 4 108-і – әйелдер, 4 458-і – ер азаматтар. Бұл – ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласып, еңбек етіп, білім алып, кәсіп бастап жүрген үлкен күш. Жастардың әлеуетін арттыру мақсатында мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар мен жобалар жүйелі жүзеге асырылып келеді. Биылдың өзінде жұмыспен қамту шараларына 580 жас тартылып, оның 342-сі тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ 15 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 91 жас қоғамдық жұмыстарға, 105 жас жастар практикасына, 25 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 2 жас «Ұрпақтар келісімшарты» аясында еңбек жолын бастады.

Кәсіпкерлікке бет бұрған жастардың 73-і «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, 8-і мемлекеттік грант иегері атанса, жұмыс берушілердің сұранысымен тағы 3 жас жұмыспен қамтылды. Халықаралық жастар күніне арналған онкүндік өз бастауын алып, оның алғашқы шаралары аудан жастарының белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті. Ал мерекелік бағдарлама әлі де жалғасуда. Ендеше, осы күнге дейін ұйымдастырылған тағылымды кездесулер мен қызықты жобаларға, сондай-ақ алдағы жоспарланған іс-шараларға бірге шолу жасап көрейік.

 

 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT