Тұщықұдық ауылдық округіндегі №130 сайлау учаскесінде Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны ұйымдасқан түрде жалғасып жатыр. Мұнда 1389 дауыс беруші тіркелген. Таң сәріден учаскеге келген тұрғындар ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысып, өз таңдауларын білдіруде.
Солардың қатарында Исатай аудандық білім бөлімінің мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі, Исатай аудандық Жастар мәслихатының депутаты Гүлжауқар Дәулеткерей де бар. Ол №130 сайлау учаскесіне арнайы келіп, азаматтық таңдауын жасады.
Жас ұрпақпен күнделікті жұмыс істейтін ұстаз әрі жастардың қоғамдық бастамаларына белсенді араласатын депутат үшін сайлауға қатысу – азаматтық ұстанымды танытудың маңызды қадамы. Ол аудан жастарының қоғамдық өмірге белсенді араласуына, түрлі бастамалар мен жобалардың жүзеге асуына атсалысып келеді. Әлеуметтік және қоғамдық іс-шараларға қатысып, жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстардың бел ортасынан табылып жүр.
Ұстаз ретінде ол жастарға білім берумен қатар, олардың бойында жауапкершілік, елжандылық және қоғамдық белсенділік қасиеттерін қалыптастыруға да үлес қосып келеді. Ал Жастар мәслихатының депутаты ретінде жас буынның ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, олардың бастамаларын қолдауға бағытталған жұмыстарға араласады.
Осы тұрғыдан алғанда, оның сайлау учаскесіне келіп, дауыс беруі – жастарға үлгі болатын азаматтық қадам. Себебі қоғамның болашағын айқындайтын маңызды шешімдерге әр азаматтың өз таңдауын білдіруі – ортақ жауапкершіліктің көрінісі.
Гүлжауқар Дәулеткерейдің пікірінше, жастар елдегі қоғамдық процестерден тыс қалмай, өз ұстанымын ашық білдіріп, азаматтық белсенділігін көрсетуі қажет. Әсіресе жас буынның сайлау мәдениетін қалыптастыруы – демократиялық қоғамның дамуы үшін маңызды.
№130 сайлау учаскесінде дауыс беру белгіленген талаптарға сәйкес өтіп жатыр. Тұрғындардың белсенділігі ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтық көзқарастың бар екенін аңғартады. Ал жастардың осындай маңызды науқанға қатысуы – олардың ел тағдырына деген жауапкершілігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Өз таңдауын жасаған жас депутат осылайша ел болашағына қатысты маңызды шешімге өз үнін қосты. Бұл – бір адамның ғана таңдауы емес, қоғамдағы әр азаматтың өз дауысын естіртуге берілген мүмкіндігін пайдаланудың жарқын көрінісі.


