Жастардың денсаулығы мен қауіпсіз болашағы – қоғам назарынан тыс қалмайтын маңызды мәселе. Осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, есірткінің зияны туралы жастардың білімін арттыру және есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында Махамбет ауданында «Есірткісіз Generation» облыстық жастар форумы өтті.
Тағылымды шараға ауданымыздан бірқатар белсенді жас қатысып, мамандардан қажетті ақпарат алып, өзара тәжірибе алмасты. Форум барысында заң саласының өкілдері, наркологтар мен психологтар жастармен ашық пікір алмасып, есірткінің адам денсаулығына ғана емес, оның психологиялық жағдайы мен қоғамдық ортаға тигізер зардабы туралы жан-жақты түсіндірді. Сала мамандары есірткіге қатысты заң талаптары мен жауапкершілік мәселесіне де тоқталып, оның алдын алудың тиімді жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызы сөз болып, зиянды әдеттен аулақ болудың әр адамның өз таңдауынан басталатыны айтылды. Жастар көкейіндегі сауалдарын ортаға салып, мамандардан нақты жауап алды. Бұл ретте форумның ерекшелігі – тақырыптың бір ғана қырмен шектелмей, құқықтық, медициналық және психологиялық тұрғыдан кеңінен қамтылуында.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы,форумға қатысушы Жансая Мұратқызының айтуынша, мұндай кездесулер жастардың дұрыс шешім қабылдауына ықпал етеді.
– Бұл форум жастарға есірткінің зияны туралы жай ғана ақпарат беріп қоймай, мәселенің заңдық, медициналық және психологиялық қырларын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Әсіресе сала мамандарының өмірлік тәжірибелерімен бөлісуі жастарға үлкен әсер қалдырды деп ойлаймын. Мұндай кездесулер жас буынның саналы таңдау жасауына, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына және салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етеді. Біз үшін осындай тағылымды шараларға қатысып, алған білімімізді өз ортамызда насихаттау маңызды, - дейді.

Форумның мазмұны жастардың танымдық белсенділігін арттыратын интеллектуалды сайыспен жалғасты. Махамбет аудандық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған білім додасына Атырау қаласы мен облыстың жеті ауданынан жастар қатысты. Сайыста қатысушылардың білімімен қатар, логикалық ойлау қабілеті, шапшаңдығы мен тапқырлығы сыналды. Түрлі бағыттағы сауалдарға жауап берген жастар өз білімдерін ортаға салып, қызу бәсекеде бақ сынады. Білім додасында ауданымыздың жастары жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі І орынды иеленіп, облыстық дода жеңімпазы атанды. Бұл – жастардың ізденіске, білімге және белсенді өмір салтына деген ұмтылысының көрінісі. Бірігіп ой қорытып, жылдам шешім қабылдап, ортақ мақсат жолында жұмыла білген аудан жастары өздерінің ұйымшылдығы мен зеректігін де таныта алды.
Форумның мазмұны да, одан кейінгі білім сайысының нәтижесі де бір арнаға тоғысты. Себебі жастарды зиянды әдеттерден алшақтатып, пайдалы ортаға бағыттау – тек түсіндіру жұмыстарымен шектелмейді. Олардың білімін шыңдап, қабілетін танытуға, өз ортасында белсенді болуына мүмкіндік беру де маңызды. Ал бұл іс-шара осы мақсатты айқын орындады деп санауға толық негіз бар.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ


