«Жасыл ел» – еліміздің жастарын еңбекке баулуға, табиғатты қорғауға және туған жерді көркейтуге бағытталған маңызды республикалық жоба. 2005 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің бастамасымен қолға алынған бұл игі іс бүгінгі күнге дейін өз жалғасын тауып, жастарды маусымдық еңбекке тартудың тиімді алаңына айналып отыр. Биылғы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының салтанатты ашылу рәсімі Х.Ерғалиев ауылындағы Рысбай Ғабдиев атындағы саябақта кең көлемде ұйымдастырылды.
Жобаның негізгі мақсаты – жастарды маусымдық жұмыспен қамту арқылы олардың бойында еңбекқорлық, жауапкершілік және отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу де жобаның басты бағыттарының бірі болып саналады. Салтанатты шараға арнайы қонақтармен қатар 7 ауылдық округтен жиналған 40 жас сарбаз және Исатай ауылының белсенді жастарынан құралған «Алға қадам» еріктілер тобының мүшелері қатысты.

Ашылу жиынында алғаш сөз алған аудан әкімінің орынбасары Рашид Мұқанов қатысушыларды жаңа еңбек маусымының басталуымен құттықтап, жастарға сәттілік тіледі. Жиын барысында қатысушылар концерттік бағдарлама тамашалап қана қоймай, арнайы спикерлердің мазмұнды пікірлерін де тыңдады. Атап айтқанда, «АтырауЭко» экоқауымдастығының тең құрылтайшысы Күләш Амандықова «Қоршаған ортаны не үшін сақтауымыз қажет?» тақырыбында ой өрбітсе, Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжиденова «Таза Қазақстан – Таза ауыл» бастамасының маңызын атап өтті. Ал облыстық Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Арсен Смайлов «Еріктілік – жүрек қалауы» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісіп, жастарға өмірлік мысалдар келтірді.

Кештің көркін келтірген ерекше сәт – жастар арасында кеңінен танымал эстрада әншісі ALHAM-ның өнер көрсетуі болды. Ол орындаған әуезді әндер жиналған көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, шараның сәнін арттырды. Мамандардың айтуынша, жобаға 16–35 жас аралығындағы жастар, студенттер мен жұмыссыз азаматтар қатысуға мүмкіндік алады. Олар жазғы еңбек маусымында саябақтар мен көшелерді тазалау, ағаш көшеттерін отырғызу және күтіп-баптау, қоғамдық орындарды абаттандыру, сондай-ақ экологиялық акцияларға қатысу секілді жұмыстарды атқарады. «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының аудан бойынша жетекшісі Айдана Серікқызы биылғы маусым тек еңбекпен шектелмей, жастардың жан-жақты дамуына бағытталған түрлі шаралармен де толықтырылатынын атап өтті.
- Бүгінде «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы еліміздің барлық өңірлерінде табысты жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын мыңдаған жас осы жоба аясында еңбек етіп, алғашқы кәсіби тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік алады. Соңғы деректерге сәйкес, республика көлемінде жыл сайын 30 мыңнан астам жас маусымдық жұмыспен қамтылуда. Сарбаздардың негізгі міндеті – елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру болғанымен, олардың жан-жақты дамуына да ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, маусым барысында жастардың интеллектуалдық әлеуетін арттыру мақсатында түрлі зияткерлік квиздер, квесттер және логикалық ойындар ұйымдастырылып отырады. Мұндай шаралар олардың бос уақытын тиімді өткізуге ғана емес, сонымен қатар ойлау қабілеті мен топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға да ықпал етеді. Сонымен қатар жеңімпаздарға арнайы жүлде қоры қарастырылған, – дейді ол.
Жалпы, «Жасыл ел» маусымдық жұмыстарына өтініштер мамыр айының 15-інен бастап аудандық «Жастар ресурстық орталығының» әлеуметтік желілерінде Google форма арқылы қабылданды. Биыл жобаға 250-ге жуық жас өтініш білдірсе, соның ішінде алғашқы 120 жас еңбекпен қамтылуда. Ауданда барлығы 120 квота бөлініп, ол маусым, шілде, тамыз айларына теңдей үлестірілген. Әр айға ауылдық округтерге 5 квотадан, ал аудан орталығына 20 квота қарастырылған. Осылайша «Жасыл ел» жобасы ауданымызда да жастарды еңбекке баулып, туған жерді көркейтуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде өз жалғасын табуда.

Еркебұлан УАЛИТХАН


