Жеңіл олжа ауыр жазаға апарады

 

Қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі ең алдымен заң үстемдігіне байланысты. Заң – тәртіптің өзегі, ал тәртіп – ел тыныштығының кепілі. Алайда осы үйлесімділікті бұзатын ең қауіпті факторлардың бірі – қылмыс. Қылмыс – заңмен жазаланатын, қоғамға зиян келтіретін әрекет не әрекетсіздік. Оның ішінде меншікке қарсы қылмыстар, әсіресе ұрлық  бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.

Ұрлық – пайдакүнемдік мақсатта бөтеннің мүлкін жасырын иемдену. Бұл – тек заң бұзушылық қана емес, адамгершілік құндылықтарға да қайшы әрекет. Қазақ халқы ежелден «Ұрлық түбі – қорлық» деп, адал еңбек пен әділ өмір салтын насихаттап келген. Бұл даналықтың астарында үлкен өмірлік тәжірибе мен тәрбиелік мән жатыр. Өйткені ұрлық – бір сәттік пайда әкелгенімен, оның соңы әрдайым өкініш пен жазаға ұласады.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда елімізде қылмыс деңгейінің өсуі алаңдатарлық жағдайға айналып отыр. Әсіресе меншікке қарсы қылмыстардың көбеюі – қоғамдағы әлеуметтік мәселелермен тығыз байланысты. Тұрғындардың өмір сүру деңгейінің төмендеуі, жұмыссыздық, жалақының уақытылы төленбеуі, әлеуметтік қорғалудың әлсіздігі – кейбір азаматтарды заңсыз жолға итермелейтін негізгі себептердің бірі. Дегенмен қандай жағдай болмасын, заң бұзушылыққа ешқандай ақтау жоқ. Себебі әрбір жасалған қылмыс міндетті түрде өз жазасын алады.
Мәселен, Исатай аудандық сотының 2025 жылдың 12 айындағы статистикалық мәліметтері – осының айқын дәлелі. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы (ұрлық) бойынша аудандық сотта 4 қылмыстық іс қаралған. Нәтижесінде 3 адамға қатысты сот үкімі шығарылған. Оның ішінде 2 адамға 2 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. 1 адамға 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленгенімен, Қылмыстық кодекстің 63-бабы бойынша жаза шартты түрде тіркелген. Сонымен қатар 1 іс бойынша айыпталушы мен жәбірленуші медиация тәртібімен татуласып, Қылмыстық кодекстің 68-бабы 1-бөлігі негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылып, іс өндірісі тоқтатылған.
Бұл деректер – әрбір құқық бұзушылықтың заң аясында қаралып, әділ шешім қабылданатынын көрсетеді. Сот төрелігі – тек жазалау емес, сонымен қатар тәрбиелеу құралы. Жаза – қылмыскерді түзеуге, қоғамға қайта бейімдеуге бағытталған.

Дегенмен қылмыстың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беру қажет. Отбасындағы тәрбие, мектептегі құқықтық білім, қоғамдағы рухани құндылықтар – бәрі бірігіп, заңға құрметпен қарайтын тұлғаны қалыптастырады. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау көрсету де – қылмыстың алдын алудың маңызды тетіктері.

Қоғамда «жеңіл жолмен табыс табу» деген жалған түсініктің алдын алу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Өйткені адал еңбекпен келген табыс қана берекелі әрі баянды болады. Ал заңсыз жолмен келген олжа – уақытша ғана қуаныш сыйлап, ақыры өкінішке ұрындырады. Қорыта айтқанда, әрбір әрекеттің сұрауы бар. Бүгінгі таңда жасалған заңсыз іс ертең міндетті түрде өз бағасын алады. Ұрлық жасап, оңай олжаға кенелемін деген ой – түбі адамды қорлыққа алып келеді. Сондықтан әр азамат заңды құрметтеп, адалдықты өмірлік ұстанымына айналдыруы тиіс. Заң үстемдік еткен жерде ғана әділдік орнайды, ал әділдік бар қоғамда – болашақ нық, келешек кемел.

 

Гүлназ САРИЕВА,
аудандық соттың бас маманы, сот отырысының хатшысы 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT