Ауданда 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай аудан орталығындағы Ардагерлер аллеясында сұрапыл соғыста қаза тапқан боздақтар мен өмірден өткен майдангерлерді еске алуға арналған тағылымды шара өтті. Тағзым мен тағылымға толы жиын ел тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірін еске салып қана қоймай, бейбіт өмірдің бағасын ұғындырған рухани мәні зор басқосу болды.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, кейін мәңгілік алауға және майдан даласында ерлікпен қаза тапқан батырлардың рухына гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты. Жиналған жұртшылық үнсіз тағзым етіп, ел үшін жанын қиған ерлердің рухына құрмет көрсетті. Мәңгілік алау маңындағы тыныштық пен тағзымға толы сәт көпшіліктің көңіліне тебіреніс ұялатты.
Шараға аудан басшылығы, мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері, тыл еңбеккерлері мен ардагерлер, Ауған соғысы және Семей полигоны ардагерлері, ұстаздар, дәрігерлер, мұнайшылар, спортшылар, жастар және аудан тұрғындары қатысты. Бұл – Жеңіс рухының бір буынның ғана емес, тұтас халықтың ортақ мұрасы екенін айқын аңғартты.
Жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Нұрым Мусин Ұлы Жеңістің тарихи маңызына тоқталып, майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
— Ұлы Жеңіс – халқымыздың қайсар рухы мен темірдей тәртібінің, бірлігі мен батырлығының айқын көрінісі. Бүгінгі бейбіт заман бізге оңай келген жоқ. Майдан даласында шейіт болған боздақтардың ерлігі – мәңгілік өнеге. Біз олардың жанқиярлық ерлігін ұлықтап, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіруіміз керек, – деді аудан әкімі.
Тағылымды шара барысында қатысушылар соғыс жылдарындағы ел басына түскен ауыртпалықтарды еске алып, Жеңістің оңайлықпен келмегенін ерекше сезінді. Қан майданда ерлік көрсеткен батырлар мен тылда еңбек еткен жандардың қажырлы еңбегі бүгінгі тәуелсіз әрі бейбіт өмірдің негізіне айналды.
Мұндай шаралардың мәні – өткенді еске алу ғана емес, тарихи жадыны сақтау, ұрпақ сабақтастығын нығайту. Себебі ел басына күн туған шақта Отан үшін от кешкен ерлердің ерлігі уақыт өткен сайын қадірлене түспек. Бүгінгі жас буын батыр бабалардың рухына тағзым ету арқылы елге қызмет етудің, туған жерді сүюдің шынайы мәнін ұғынады.
Ардагерлер аллеясындағы тағзым шарасы ел жадындағы Жеңіс рухын жаңғыртып, батырлар ерлігіне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісіне айналды. Ел үшін жанын пида еткен боздақтардың есімі халық жүрегінде мәңгі сақталып, олардың ерлігі ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Е.ЗИНЕДЕНОВ


