Жеңіспен оралған жерлестер

 

Таяуда Тараз қаласында есту қабілеті және тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар арасында қол күресінен Қазақстан чемпионаты өтті. Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған ел біріншілігі биыл да жоғары деңгейде өтіп, спорт сүйер қауымның қызығушылығын арттырды. Аталған чемпионатта Атырау облысының пара армрестлинг құрамасы да бақ сынады. Сол құрама сапында ауданымыздың екі параспортшысы Асылан Қайрушев пен Медет Супығалиев қатысып, өңір намысын қорғады.

Дәстүрлі додаға еліміздің әр өңірінен келген мықты спортшылар қатысып, өзара тартысты бәсеке көрсетті. Әрбір сайыс қатысушылардың тыңғылықты дайындығы мен кәсіби шеберлігін айқындап, жарыстың көркін қыздара түсті.Нәтижесінде қос жерлесіміз қол сайысы бойынша жүлделі үшінші орынды иеленді.

Дәл осы жарқын жетістік – исатайлық спортшылардың табандылығы мен жүйелі дайындығының айқын көрінісі. Жерлестеріміздің айтуынша, мұндай жарыстар тәжірибе алмасуға және спортшылардың шеберлігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді екен.

– Чемпионат біз  үшін ерекше маңызды болды. Тараз қаласында өткен дода өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Барлық қарсыластар мықты, жақсы дайындықпен келгені бірден байқалды. Әрбір белдесу оңайға соқпады. Соған қарамастан бар күш-жігерімізді салып, жүлделі ІІІ орынға ие болдық. Бұл – біз үшін үлкен тәжірибе. Алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижеге жету үшін дайындықты күшейте береміз, - дейді Асылан Қайрушев.

Тараз төріндегі чемпионат армрестлинг спортының елімізде қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.Ал жүлдемен оралған жерлестеріміз алдағы жарыстарда жоғары нәтиже көрсететініне сенімдіміз.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT