Қоғамның орнықты дамуы ең алдымен заңның үстемдігіне, әділдікке және азаматтардың жауапкершілігіне байланысты. Осы құндылықтарға сызат түсіретін құбылыстардың бірі – қызметтік өкілеттікті жеке басының мүддесіне пайдалану. Оның салдары мемлекеттік басқарудың тиімділігіне ғана емес, халықтың билік институттарына деген сеніміне де кері әсер етеді.
Әділдік пен адалдық мәселесі қазақ қоғамы үшін де жаңалық емес. Тарихымызда ел ішіндегі дауларды шешіп, халықтың бірлігі мен ынтымағын сақтауда билер институтының орны ерекше болды. Би үшін төрелік айту – жеке пайда табудың емес, ел алдындағы жауапкершіліктің көрінісі саналды. Сондықтан халық арасында әділдігімен танылған билердің шешімдері қоғамдық тәртіп пен адамгершілік қағидаларына негізделді. Қазақ ағартушылары мен зиялылары да өз еңбектерінде адалдық, білім, әділет және елге қызмет ету ұстанымдарын дәріптеді. Алаш зиялылары халықтың санасын оятып, елдің болашағын әділетті әрі жауапты қоғам құрумен байланыстырды. Бұл ұстанымдар бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Заңнамалық реформалармен қатар мемлекеттік басқару үдерістерінің ашықтығын арттыру, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту сияқты шараларға басымдық беріліп келеді. Электронды үкімет пен ашық деректер жүйесінің дамуы азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметі туралы ақпарат алуына және қоғамдық бақылауға қатысуына мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті деңгейде де жүзеге асырылуда. Исатай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінде ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған шаралар атқарылуда. Мемлекеттік қызмет көрсету үдерістеріне цифрлық технологияларды енгізу адами факторды азайтып, қызмет көрсету сапасы мен ашықтығын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар қызметкерлердің заң талаптарын сақтауын бақылау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу де назарда.
Алайда бұл мәселені тек мемлекеттік органдардың немесе құқық қорғау құрылымдарының міндеті ретінде қарастыру жеткіліксіз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қоғамның әр мүшесінің күнделікті ұстанымынан басталады. Заң талаптарын сақтау, пара бермеу және алмау, қызметтік мүмкіндікті жеке пайдаға жаратпау, құқық бұзушылыққа бейжай қарамау – азаматтық жауапкершіліктің нақты көріністері.Әсіресе мұндай ұстанымның қалыптасуында отбасы тәрбиесінің маңызы зор. Бала адалдық пен әділдіктің мәнін ең алдымен ата-анасының ісінен көреді. Үлкендердің заңды айналып өтуді қалыпты жағдай ретінде көрсетуі немесе жеке пайда үшін әділет қағидаларын бұзуы баланың құндылықтарына әсер етпей қоймайды. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениеті мектептен немесе мемлекеттік мекемеден бұрын отбасындағы тәрбиеден басталуы тиіс.
Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – белгілі бір мекеменің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әділдік пен адалдықты өмірлік қағидаға айналдыру, жастарға осы құндылықтарды дұрыс жеткізу және заңға құрметпен қарау арқылы ғана жемқорлыққа төзбеушілігі қалыптасқан қоғам құруға болады. Бұл – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, елдің болашағы алдындағы ортақ жауапкершілігі.
Нұрбол ЖАМПЕЙСОВ,
Исатай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы



