Жұмыссыз жастарды біріктірген орта

 

«Нашақорлыққа жол жоқ!» – бұл жай ғана ұран емес, бұл – қоғамның ортақ үндеуі. Бүгінде жұмыссыз, тұрақты кәсібі жоқ жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – аса маңызды мәселе. Әсіресе NEET санатындағы, яғни оқымайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастарды қолдау, оларды қоғамдық өмірге тарту – уақыт талабы. Осындай өзекті міндетті жүзеге асыру мақсатында ауданда ауқымды спорттық шара ұйымдастырылды.

Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық Жастар ресурстық орталығы коммуналдық мекемесінің ұйымдастыруымен «Нашақорлыққа жол жоқ!» ұранымен жұмыссыз жастар арасында кіші аяқдоптан өткен турнир бүгінгі өзекті тақырыптардың бірі әрі бірегейі. Жарысқа Зинеден, Исатай, Нарын, Жанбай, Өркен, Тұщықұдық және Қамысқала командалары қатысып, алаң үстінде шеберлік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Әрбір ойын тартысқа толы өтіп, жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады. Жастар тек жеңіс үшін емес, салауатты өмір салтын таңдағандарын дәлелдеу үшін де бар күш-жігерін салды. Жарыс қорытындысы бойынша Қамысқала құрамасы ІІІ орынды иеленсе, жанбайлық жастар күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал қарсыластарынан оқ бойы озық шыққан Тұщықұдық командасы турнир чемпионы атанды. Командалық марапаттармен қатар, ерекше ойынымен көзге түскен ойыншыларға да арнайы статуэткалар табыс етілді.  Турнир жөнінде аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Нұрдаулет Ателов, мұндай бастамалардың аудан жастары үшін қажет екеніне ерекше тоқталды.

 

 

– Аталмыш турнирдің басты мақсаты – NEET санатындағы және жұмыссыз жастарды қоғам өміріне белсенді тарту. Бос уақытты тиімді ұйымдастыру арқылы біз олардың теріс жолға түсуінің алдын аламыз. Спорт – тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыратын үлкен мектеп. Осындай шаралар жастардың өзіне деген сенімін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз алдағы уақытта да жастарды қолдауға бағытталған жұмыстарды жалғастыра береміз, - дейді орталық басшысы.

 

 

Аталған спорттық дода – нашақорлықтың алдын алуға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Салауатты өмір салтын таңдаған жас буын – елдің ертеңі. Сондықтан «Нашақорлыққа жол жоқ» деген ұран аясындағы игі бас-тамалар өз жалғасын таба бермек.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT