Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне қарағанда, ауыл шаруашылығы бойынша өндірілген жалпы өнім көлемі 12,2 млрд. теңге болып, нақты көлем индексі өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 104,0 пайызды құраған. Өндірілген ет өнімі 6301,0 мың тонна болып, 113,7 пайызды құраса (2025 жылы – 5542,4 мың тонна), сиыр сүтінің өнімі 3136,0 мың тонна, яғни 101,0 пайызды құрап (2025 жылы – 3104,5 мың тонна), жұмыртқа 171,3 мың дана,100,6 пайызды (2025 жылы – 170,2 мың дана) көрсеткен. Бұдан ауданда ауыл шаруашылығы бойынша өндірілген өнімде өсім бары айқын көрініс береді. Әрине, өсім өнім бар жерде, өнім шаруаның еңбегі мен мемлекеттің қолдауы бар жерде болмағы сөзсіз.
-Аудан бойынша 2026 жылы 383 шаруа қожалығы тіркелген. Мүйізді ірі қара - 33 414, қой мен ешкі - 41 281, жылқы - 30 718, түйе 11 136 басты құрайды. Өткен жылы 249 шаруа қожалығы, мүйізді ірі қара - 30 958, қой мен ешкі - 32 602, жылқы- 28 720, түйе 10 906 бас болған еді. Асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын өсіретін 14 шаруашылықта 1540 бас асыл тұқымды мал өсірілуде. Нақты айтқанда, Тұщықұдық ауылдық округі бойынша «Мажанов» (293 бас), «Асылбек Әли» (308 бас), «Мерей» (142 бас), «Қапсихов» (64), «Қалешов» (70) шаруа қожалықтары «Қазақтың ақ бас сиыры» тұқымын, «Тлегенова Р.Т» (56 бас) шаруа қожалығы - «Обрак» тұқымын, Қамысқала ауылдық округі бойынша «Серижан» (204 бас) шаруа қожалығы «Әулиекөл» тұқымын, «Абдолов Каким» (21 бас), «Арыстанов С» (90 бас), «Ұлмекен» (90 бас), «Мутиев» (23 бас), «Бисенгалиев Даулен» (32 бас) шаруа қожалықтары «Қазақтың ақ бас сиыры» тұқымын, Аққыстау ауылдық округі бойынша «BEEF-ANGUS» шаруа қожалығы (204) «Әулиекөл» тұқымын, «Дархан» (77 бас) шаруа қожалығы «Қазақтың ақ бас сиыры» тұқымын өсіруде. Бұған қосымша жуырда «BEEF-ANGUS» шаруа қожалығы мемлекеттен 18,2 млн теңге субсидияға 70 бас ангус тұқымын алды, -дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұханов.
Білгеніміздей, өткен жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы 29 шаруа қожалығына жалпы сомасы 68,2 миллион теңге көлемінде мемлекеттік субсидия төленген. Бұл қолдау шаралары ауданның мал шаруашылығын дамытуға, асыл тұқымды мал басын көбейтуге және өнімділікті арттыруға бағытталып отыр.
Оның ішінде ірі қара малдың отандық асыл тұқымды басын (етті-сүтті тұқымды) сатып алуды субсидиялауға 5 шаруа қожалығына – 27,0 млн теңге, етті-сүтті ірі қара мал тұқымдары үшін асыл тұқымды бұқаларды сатып алуды субсидиялауға 18 шаруа қожалығына – 5,5 млн теңге, ірі қара малдың асыл тұқымды басымен селекциялық және асыл тұқымды жұмыстарды субсидиялауға 9 шаруа қожалығына – 16,2 млн теңге, тауарлық асыл тұқымды мал басымен селекциялық және асыл тұқымды жұмыстарды субсидиялауға 21 шаруа қожалығына – 16,7 млн теңге, тәулігіне кемінде 50 бас ірі қара малды бордақылау алаңдарына немесе ет комбинаттарына бордақылау үшін өткізілетін немесе өткізілетін ірі қара малдың (соның ішінде сүтті немесе етті-сүтті мал тұқымдарының асыл тұқымды еркектері) құнын төмендетуге субсидиялар алуға 1 шаруа қожалығына – 2,1 млн теңге, асыл тұқымды етті ірі қара малын өсіруге кететін шығынды азайтуға 1 шаруа қожалығына 540 мың төленген. Сондай-ақ инвестициялық субсидия 40,2 млн теңге көлемінде 3 шаруашылыққа берілген, яғни «Ерасыл» шаруа қожалығы жаңбырлатып суару құрылғысына - 35,8 млн теңге (жоба 44,85 млн теңге, 80 пайыз), «Арғымақ-Айғана» шаруа қожалығы трактор техникасына - 3,03 млн теңге (жоба 10,1 млн теңге), «Рысбек» шаруа қожалығы прес-подборщик рулонный (шоп орайтын) құрылғысына 1,3 млн теңге (жоба 4,45 млн теңге) инвестициялық субсидия алған.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша 7 ауылдық округке скрининг жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 13 адам 2,5 пайызбен несие алулы. Оның ішінде 3 адам ауыл шаруашылығы емес бизнес түріне 17 млн 320 мың, 10 адам мал шаруашылығы үшін 80 млн 365 мың теңге, жалпы сомасы 97 млн 768 мың теңге несие иеленген.
Мал шаруашылығы бо-йынша барлығы 9 өтінім болды, соның ішінде: Қамысқала ауылдық округі бойынша жылқы-2, мүйізді ірі қара – 3 өтінім, Аққыстау ауылдық округі бойынша жылқы – 1 өтінім, Нарын ауылдық округі бойынша жылқы – 1 өтінім, Зинеден ауылдық округі бойынша түйе, мүйізді ірі қара – 2 өтінім, Жанбай ауылдық округі бойынша – жылқы, мүйізді ірі қара – 2 өтінім. Шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша барлығы 3 өтінім, яғни Қамысқала ауылдық округі бойынша «Газель» автокөлігін сатып алуға– 1 өтінім, Жанбай ауылдық округі бойынша тігін цехына құрал-жабдықтар алуға – 1 өтінім, Тұщықұдық ауылдық округі бойынша азық-түлік дүкеніне құрал-жабдықтар алуға 1 өтінім.
-Сондай-ақ 2 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды, олар - «Хамза» сүт өнімін өндіру және «Бәйтерек 888» ет өнімін өндіру бағытындағы кооперативтер. Сонымен қатар аудан әкімінің 2023 жылғы 30 қазандағы №235 өкімімен «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру бойынша жобалық топ құрылған. Топтың жұмыс органы - Исатай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі. Сондай-ақ ауданның барлық ауылдық округтерінде округ әкімдерінің өкімдерімен жоба кеңсесі құрылған. Бағдарлама шеңберінде несие алуға 117 кәсіпкер (құрал сатып алу, автокөлік алу, мал алу, кәсіпкерлік нысан сатып алу, брусчатка жасау) 798 млн теңге шамасында несие алуды жоспарлап отыр. Арнайы тізімі жасақталып, жобаның басты талаптарының бірі болып саналатын несие тарихының таза болуы тексерілді. Бүгінгі күнге аудан бойынша 69 адам аяқтай барып кеңес алып, 1 адамға келісім берілді (кілем жуу),-деді Д.Есмұханов.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР


