Соңғы жылдары Атырау – Астрахань республикалық маңыздағы автожолында төрт түлік малдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының жиілеуі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Мұндай оқиғалар адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, көлік құралдарының бүлінуіне және елеулі материалдық шығынға алып келуде. Жол бойына қараусыз шыққан малдың салдарынан орын алатын апаттардың алдын алу бүгінде тұрғындарға да, жауапты мекемелерге де ортақ міндет болып отыр.

Осыған байланысты ауданда шаруа қожалықтарының иелері мен мал өсірушілердің қатысуымен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Басқосудың негізгі мақсаты – республикалық маңыздағы автожол бойында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төрт түліктің қараусыз жолға шығуына жол бермеу, қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіру және осы бағыттағы жауапкершілікті күшейту мәселелерін жан-жақты талқылау болды.
Кездесу барысында сала мамандары жол-көлік оқиғаларының негізгі себептеріне тоқталып, мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алуда әр азаматтың, әсіресе мал иелерінің жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар мен шаруагерлер пікір алмасып, түйткілдің түйінін тарқатуға бағытталған нақты ұсыныстарын ортаға салды. Жиында малды қараусыз жібермеу, жол бойындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау және бірлескен алдын алу шараларын күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Маңызды жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Ардақ Қайрденов, облыс полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқарма бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Аслан Жалғаспаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, шаруагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.Жиын барысында сөз алған тұрғындар жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты өз ойларын ашық айтып, түйткілді мәселелердің шешу жолдарын ұсынды.

Алғашқылардың бірі болып пікір білдірген Исатай ауданының Құрметті азаматы, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Самат Қабделов қабылданатын шешімдердің нақты құжатпен рәсімделуі маңызды екенін атап өтті.
– Бұл кездесудің қорытындысы бойынша міндетті түрде хаттама жасақталып, онда қабылданған келісімдер нақты көрсетілуі керек. Хаттамаға әр ауылдық округтен жауапты тұлғалар қол қойса, ортақ міндет те айқындала түседі. Ауызша айтылған мәселеден гөрі жазбаша бекітілген шешімдердің орындалуына бақылау жасау әлдеқайда тиімді болады, – деді ол өз сөзінде.
Оған аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов көтерілген ұсыныстың орынды екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың заңнамаға сәйкес өз алгоритмімен жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ жиын қорытындысы бойынша тиісті хаттама әзірленіп, көтерілген ұсыныстар назарға алынатынын жеткізді.
Басқосу барысында жоғарыда аталған облыстық филиалының директоры Ардақ Қайрденов жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың ғана емес, мал иелерінің де ортақ жауапкершілігі екенін айтты. Сондықтан әрбір шаруагер төрт түлігін қараусыз жібермеуге, жол бойындағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға барынша мән беруі қажет екені ескертілді.
Жиында тұрғындар жол қауіпсіздігін күшейтуге қатысты өз пікірлерін ашық айтса, соның бірі Аққыстау ауылының тұрғыны Қуанышкерей Жұмағалиев азамат жол бойындағы бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.
– Жолдың әр учаскесіне бейнебақылау камераларын орнатып, көліктердің сағат сайынғы орташа жылдамдығын анықтайтын жүйе енгізілсе деймін. Өзім 63 жылдан бері көлік тізгіндеп келемін. Осы уақытқа дейін бірде-бір адамға зияным тиген емес. Мұның бәрі әр жүргізушінің жауапкершілігі мен санасына байланысты. Қазір кейбірі жүйткіп, өте жоғары жылдамдықпен жүреді. Бұл жолда тек мал ғана емес, адамның өмірі де таразыда тұр. Малдың орны толар, ал адамның орнын ешкім толтыра алмайды. Қаншама жас, қаншама отбасының асыраушысы жол апатынан көз жұмып жатыр. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін нақты шаралар қабылданып, жылдамдыққа бақылау күшейтілуі керек, – деді ол.
Сонымен қатар бұл тұрғынның пікірін Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,еңбек ардагері Зелімхан Зубариев те қолдап, жолдағы тәртіпті күшейту үшін жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру қажет екенін тілге тиек етті.
– Малды қағып кеткен жүргізушілерге заң аясында қатаң жауапкершілік жүктелуі тиіс. Әйтпесе мәселе шешілмейді. Көлік жүргізушілерінде ешқандай мәдениет жоқ. Қазір жолдың бойынан өткен сайын қанға боялған іздер мен жол жиегінде жатқан мал өлекселерін көресің. Бұл – өте алаңдатарлық жағдай. Оның үстіне, іріп-шіріп жатқан өлекселерді уақытында тазалайтын жауапты мекеме де көрінбейді. Бұған кім жауап береді? Осы мәселе де назардан тыс қалмауы керек, – деп өз ойын ортаға салды.
Келесі кезекте сөз алған Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжиденова жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек мал иелерінің ғана емес, жолға жауапты мекемелер мен көлік жүргізушілерінің де ортақ міндеті екенін атап өтті. Ол округ аумағында орын алған оқиғаларды мысалға келтіре отырып, мәселені заң аясында және өзара жауапкершілік негізінде шешу қажеттігін жеткізді.
– Біздің ауылда Мусағалиев есімді тұрғынның түйесін шетелдік көлік қағып кетті. Алайда жүргізуші оқиға орнынан кетпей, мал иесін іздеп тауып, хабарласты. Бұл – адамгершіліктің белгісі. Округте 71 шаруа қожалығы бар, олардың басым бөлігі ауыл маңында орналасқан. Мемлекет басшысы мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Сондықтан бұл салаға қатысты мәселелерді де заң аясында шешуіміз қажет. Трасса бойын күтіп-ұстауға жауапты мекеменің жұмысын байқамаймыз. Мал жол-көлік оқиғасынан қырылған жағдайда кейбір мал иелері өлексені алып кетіп, айналаны тазартады. Ал кейбірі оны жол жиегінде қалдырып кетеді. Соның салдарынан ауылымыздан едәуір қашықта орналасқанына қарамастан, өз аумағымызды өзіміз тазалауға мәжбүр боламыз. Мал бізге тәуелді әрі тілсіз жануар. Сондықтан барлық жауапкершілікті тек оған арта алмаймыз. Республикалық маңызы бар автожолмен тәулік бойы сан түрлі көлік қатынайды. Сол себепті көлік жүргізушілерінен де талап күшейтілуі керек. Әлде бұл жолды ақылы жүйеге көшіру мәселесін қарастырған жөн шығар, – деді округ әкімі.

Ал сол жиынның ортасында болған жол тазалығына жауапты мекеме өкілінің айтуынша, республикалық маңызы бар автожолдың құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда жолды күтіп ұстауға қажетті арнайы техникалар бөлініп, алдағы уақытта жол жиегін тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілмек. Сондай-ақ, бұл жұмыстарға ауыл тұрғындарын тарту арқылы жергілікті халықты жұмыспен қамту жоспарланып отырғаны айтылды.
Сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен жол-көлік оқиғаларының себеп-салдары жан-жақты сарланды. Аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Руслан Бағытовтың айтуынша, жыл басынан бері аудан аумағында төрт түлік малдың қатысуымен 32 мал қағу дерегі тіркелген. Оның ішінде 1 қой, 2 түйе, 7 сиыр және 22 жылқы жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Аталған оқиғалардың барлығы Атырау–Астрахань тас жолында орын алған.
Сонымен қатар малдың қараусыз жүруіне байланысты анықталған деректердің тек екеуі бойынша ғана әкімшілік хаттама толтырылған.
Сондай-ақ кездесуге көршілес Құрманғазы ауданынан да он шақты тұрғын арнайы келіп, өздерін толғандырған мәселелерді көтерді. Олардың айтуынша, бұған дейін де осы түйткілге байланысты кездесулер ұйымдастырылғанымен, ауданға салалық мекеме басшылары емес, тек мамандар ғана келіп, нақты шешімін табарлық жауап берілмеген.
– Исатай ауданында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының басшылары халықпен кездесу өткізеді дегенді естіп, арнайы келдік. Біздің бірнеше ұсынысымыз бар. Жол бойында мал қағу оқиғалары жиілеп кетті. Осындай жағдайда жауапкершілік тек мал иесіне жүктелмей, көлік жүргізушісінің де әрекеті жан-жақты сараланса екен. Сонда ғана жүргізушілер де жауапкершілікті сезінер еді. Қазір жол-көлік оқиғасы орын алса, үйінде отырған мал иесі жауапқа тартылып, сотқа дейін барып жатады. Сонымен қатар Исатай мен Зинеден ауылдары тұсындағы жол бойына орнатылған қоршау-сетканың ешқандай тиімділігі байқалмайды. Сол себепті оны алып тастау мәселесін қарастыруды ұсынамын. Тағы бір айтарым, бүгінгі жиынға халық қалаулыларының бірде-бірі қатыспады. Ал біздің үнімізді жоғарыға жеткізетін де солар емес пе? – деді көршілес ауданның тұрғыны.
Тұрғынның сауалына тағы да аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов жауап беріп, аудан аумағындағы ауылдық округтерде орнатылған қоршау-сеткаларды алып тастау бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
– Мәслихат депутаттары бұл кездесуге шақырылған болатын. Алдағы уақытта Парламент депутаттары ауданға келген кезде де осы мәселе міндетті түрде көтеріледі. Сондай кездесулерде тұрғындар да белсенділік танытып, өз ұсыныс-пікірлерін ашық айтса дұрыс болар еді. Көп жағдайда дәл сондай жиындарға халықтың өзі қатыспай қалады. Сондықтан бұл мәселені барлығымыз бірлесіп көтерсек, нәтижесі де болады, – деп жауап қатты.

Жиын соңында тұрғындар жол қауіпсіздігін күшейтуге қатысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, жол бойына төрт түлік малдың бейнесі бейнеленген арнайы макеттер мен жол белгілерін орнату, жарықтандыру жүйесін күшейту, көлік қозғалысының жылдамдығын төмендету шараларын енгізу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, жол жөндеу жұмыстары аяқталғанына қарамастан, уақытша қойылған жөндеу белгілерінің әлі күнге дейін алынбағаны да тұрғындардың наразылығын тудырды.
Өз кезегінде жауапты сала мамандары көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстарды барлық мүдделі тараптармен бірлесіп, жүйелі түрде жалғастыруға уағдаласты.
Сағыныш ҚАЙЫР



