Қазіргі таңда жол-көлік оқиғаларының алдын алу – қоғамдағы ең маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Әсіресе жасөспірімдердің жол қозғалысы ережелерін сақтауы – ерекше назар аударуды қажет ететін бағыт. Себебі балалар мен жасөспірімдер жол қозғалысының ең осал әрі қорғансыз қатысушылары саналады. Осы орайда жасөспірімдер инспекторы ретінде негізгі міндетіміз – кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығын қорғау, олардың бойында жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру.
Бұл бағытта білім беру ұйымдарында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, профилактикалық кездесулер мен түрлі акциялар ұйымдастырылуда. Жолдағы қауіпсіздік әрбір жасөспірімнің қарапайым, бірақ маңызды ережелерді сақтауынан басталады. Атап айтқанда жолды тек жаяу жүргіншілер өткелінен өту, бағдаршамның рұқсат беретін сигналына ғана бағыну, жолдан өту кезінде телефонға алаңдамау және құлаққап қолданбау – негізгі талаптардың бірі.
Сонымен қатар кешкі уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалану, велосипед немесе самокат тізгіндеген кезде қауіпсіздік ережелерін сақтау – өмір қауіпсіздігінің кепілі. Бұл ретте ата-аналардың да жауапкершілігі зор. Балаларға жолда өзін-өзі ұстау мәдениетін үйрету, күнделікті өмірде дұрыс үлгі көрсету – олардың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастырудың негізгі жолы. Өйткені баланың алғашқы тәрбие мектебі – отбасы.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері тарапынан тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар, түсіндіру кездесулері мен профилактикалық акциялар өткізіліп келеді. Мұндай шаралардың басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдердің жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қорытындылай келе жол қауіпсіздігі – тек полиция немесе ата-ана міндеті емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір жасөспірім жол ережесін қатаң сақтауды әдетке айналдырса, талай қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туар еді.
Назерке ЖУМАЛИЕВА,
аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны


