Бұрын ауыл тұрғындарын алаңдатқан мәселелердің бірі – жол еді. Аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар күре жолдың бірнеше жыл бұрынғы жағдайы көптің есінде. Кедір-бұдыр, ой-шұңқыры көп жол жүргізушілерге де, жолаушыларға да қолайсыздық тудыратын. Уақыт өте жол жаңарып, сапасы жақсарды. Бұл – ауыл арасындағы байланысты жеңілдетіп, тұрғындардың діттеген жеріне жайлы жетуіне мүмкіндік берген қуанышты өзгеріс. Алайда жақсы жолдың игілігімен бірге жаңа бір мәселе де анық байқала бастады. Жол сапасы жақсарған сайын, ондағы қауіпсіздік мәселесі керісінше күрделене түскендей. Бұрын сирек кездесетін жол-көлік оқиғалары қазір жиілеп отыр.
САНДАР СӨЙЛЕЙДІ
Биыл жылдың алғашқы сегіз айында аудан аумағында 25 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Өкінішке қарай, оның салдарынан бір адам қаза тауып, 57 адам түрлі дене жарақатын алған. Мамандардың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының шамамен 80 пайызы Атырау-Астрахань республикалық тас жолының бойында орын алады. Бұл, бір жағынан, аталған бағыттағы көлік қозғалысының қарқындылығымен байланысты болса, екінші жағынан, жүргізушілердің жол қозғалысы талаптарын сақтамауы да апат қаупін арттырып отыр.
– Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің қатарында қарсы бағытқа шығып кету, көлікті басқару жүйесін игере алмай қалу, сондай-ақ жол бойында жүрген малға соқтығысу фактілері бар. Бұған қоса, жүргізушілердің белгіленген жылдамдықты шамадан тыс асыруы, ұзақ жолға тынықпай шығуы да жол апатына әкеліп соғатын негізгі себептердің бірі,-дейді аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесі әкімшілік практика тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Жанаргүл Дәулеткереева.
Маманның сөзінше, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек полиция қызметкерлерінің міндеті емес. Ұзақ сапарға шыққан жүргізуші жолға алдын ала дайындалып, көлігінің техникалық жағдайын тексеріп, жеткілікті тыныққаннан кейін ғана рөлге отырғаны жөн. Өйткені жүргізуші рөлге отырған сәттен бастап тек өз өміріне емес, көліктегі жолаушылардың және жол қозғалысының өзге де қатысушыларының қауіпсіздігіне жауап береді.
ЖОЛДАҒЫ ТАҒЫ БІР ҚАУІП – ҚАРАУСЫЗ МАЛ
Аудан тұрғындарын алаңдатып отырған мәселелердің бірі – жол бойындағы қараусыз мал. Жылқы мен сиырдың республикалық маңызы бар тас жолға шығып кетуі жүргізушілер үшін күтпеген кедергіге айналып, қайғылы жағдайларға себеп болып отыр. Аудан бойынша биыл мал қағуға қатысты 32 дерек тіркелген. Ал мұндай оқиғалардың нақты саны бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі көлік пен мал соқтығысқан жағдайлардың барлығы бірдей құзырлы органдарда тіркеле бермейді. Әсіресе адам зардап шекпеген оқиғалар туралы полицияға хабарланбай қалатын жағдайлар кездеседі. Қараусыз малдың жолға шығуы бір қарағанда мал иесінің жауапсыздығы секілді көрінуі мүмкін. Алайда оның салдары әлдеқайда ауыр. Көлікке келген материалдық шығыннан бөлек, жүргізуші мен жолаушылардың өміріне қауіп төнеді. Бір сәтте жүргізушінің алдында пайда болған жылқы немесе ірі қараның соңы ауыр жол апатына ұласуы ықтимал. Сондықтан малды қараусыз жібермеу – төрт түлік иесінің тікелей жауапкершілігі. Әсіресе республикалық автожолға жақын орналасқан ауылдарда бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды.
ЖАУАПКЕРШІЛІК ОРТАҚ
Жол қауіпсіздігі мәселесі осыған дейін де бірнеше мәрте көтеріліп келеді. Ауданда шаруа қожалықтарының иелері мен мал өсірушілердің қатысуымен арнайы кездесулер ұйымдастырылып, республикалық маңызы бар автожол бойында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, төрт түліктің қараусыз жүруіне жол бермеу және заң талаптарын түсіндіру мәселелері талқыланды. Жиын барысында тұрғындар мен шаруагерлер де өз ұсыныстарын ортаға салды. Соның бірі – Аққыстау ауылының тұрғыны Қуанышкерей Жұмағалиев жол бойындағы бақылауды күшейту қажеттігін айтты.
– Жолдың әр учаскесіне бейнебақылау камераларын орнатып, көліктердің сағат сайынғы орташа жылдамдығын анықтайтын жүйе енгізілсе деймін. Өзім 63 жылдан бері көлік тізгіндеп келемін. Осы уақытқа дейін бірде-бір адамға зияным тиген емес. Мұның бәрі әр жүргізушінің жауапкершілігі мен санасына байланысты. Қазір кейбірі жүйткіп, өте жоғары жылдамдықпен жүреді. Бұл жолда тек мал ғана емес, адамның өмірі де таразыда тұр. Малдың орны толар, ал адамның орнын ешкім толтыра алмайды. Қаншама жас, қаншама отбасының асыраушысы жол апатынан көз жұмып жатыр. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін нақты шаралар қабылданып, жылдамдыққа бақылау күшейтілуі керек, -деді ол.
Бұл – ойланатын сөз. Шын мәнінде, жолдағы қауіпсіздікке бір ғана тарап жауапты емес. Полиция жол тәртібін бақылайды, тиісті мекемелер жолдың жағдайын қамтамасыз етеді, ал мал иелері төрт түлігін қарауы керек. Бірақ осының бәрін біріктіретін негізгі фактор – адамның өз жауапкершілігі. Жол-көлік оқиғасына жылдамдықты шамадан тыс арттыру, қарсы бағытқа шығу, арақашықтықты сақтамау, көлік басқару кезінде ұялы телефонға алаңдау, мас күйінде рөлге отыру немесе шаршаған күйде ұзақ жолға шығу себеп болуы мүмкін. Мұның әрқайсысы – алдын алуға болатын факторлар.
P.S. Сондықтан жолда «үлгеру» емес, аман жету маңызды. Жолдың жақсаруы қауіптің артуына емес, қауіпсіздік мәдениетінің қалыптасуына ықпал етуі тиіс. Жақсы жол – жүйткіп жүруге берілген мүмкіндік емес, адамдарды діттеген жеріне аман жеткізетін жол. Бір сәттік асығыстықтың салдары бір отбасының тағдырын өзгертуі мүмкін. Ал жол үстінде кеткен қателіктің орнын кейін ешқандай өкініш толтыра алмайды. Сондықтан жолдағы тәртіпті бір-бірімізге ысыра бермей, әрқайсымыз өз міндетімізге жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Малдың да, адамның да амандығы – ортақ жауапкершілік. Ең бастысы, жолдағы әрбір қозғалыс өмірмен өлшенетінін ұмытпауымыз керек.
Сағыныш ҚАЙЫР


