ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР ӨНДІРІС ҰЖЫМЫМЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ

 

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған міндеттерді түсіндіру жұмыстары Салтанат Балғымбаев атындағы кен орнында жалғасын тапты. Бұл жолы республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері «Жайықмұнайгаз» мекемесінің еңбек ұжымымен жүздесіп, ел дамуының алдағы кезеңіне қатысты басымдықтарды талқылады. Әңгіме өзегіне әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру және көлік-логистика саласын жетілдіру мәселелері арқау болды.

Кездесу барысында ҚР Құрылтайының депутаты Арман Хайруллин елдегі демографиялық өсім әлеуметтік нысандарға деген сұранысты арттырып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, халық санының өсуіне сай білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларындағы инфрақұрылымды кеңейту – уақыт талабы.

– Жыл сайын елімізде 300-400 мың сәби дүниеге келеді. Бұл – елдің ертеңі, болашақ ұрпақ. Сондықтан олардың сапалы білім алып, медициналық көмекке қол жеткізуі үшін қажетті жағдай жасалуы керек. Осы бағытта республика көлемінде 70-ке жуық медициналық нысан, сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет нысанын салу жоспарланып отыр, – деді Арман Хайруллин.

Жиында әлеуметтік саланың өзекті мәселелерінің бірі – мамандардың еңбекақысы да назардан тыс қалмады. Депутат ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру мәселесімен қатар, учаскелік дәрігерлердің жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға арттыру жөніндегі ұсыныстарға тоқталды. Сондай-ақ білім беру, мәдениет және басқа да салаларда еңбек ететін техникалық қызметкерлердің жалақысын қайта қарау қажеттігін атап өтті.

Ақпараттық кездесуде мұнай-газ өндіру инженері Дастан Әділбекұлы да пікір білдіріп, Жолдауда белгіленген міндеттердің ел болашағы үшін маңызын атап өтті.

– Президент Жолдауындағы бастамаларды еңбек ұжымына түсіндіріп, маңызды мәселелерді ортаға салған топ өкілдеріне алғысымызды білдіреміз. Әсіресе, алдағы уақытта салынатын медициналық нысандардың, мектептер мен спорт кешендерінің көбеюі көңіл қуантады. Мұның бәрі халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар деп білеміз, – деді ол.

Бұдан бөлек, кездесуде Қазақстанның транзиттік-логистикалық әлеуетін нығайту мәселесі де сөз болды. Қытай мен Еуропа арасындағы тауар айналымының 85 пайызы Қазақстан арқылы өтетіні айтылып, бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін көлік дәліздерін дамыту қажеттігі түсіндірілді. Атап айтқанда, Қытайды Шығыс Қазақстанмен, Аралды Каспиймен байланыстыратын жолдар салу, сондай-ақ облыстық және республикалық маңызы бар автожолдардың сапасын жақсарту міндеттері талқыланды.

Кездесу барысында көтерілген мәселелер Жолдаудағы стратегиялық міндеттердің тек экономикалық өсіммен шектелмей, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, әлеуметтік жағдайды жақсартуға және елдің көлік әлеуетін күшейтуге бағытталғанын көрсетті.

 

С.ҚАЙЫР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT