Қамысқала топырағында өнер мен ұстаздықты қатар ұштастырып, талай шәкірт тәрбиелеген әнші, сазгер, ұлағатты ұстаз, педагог-шебер, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, республикалық және облыстық сазгерлер байқауларының лауреаты Гүлайнаш Ахметқалиқызының «Жүрегімді тербеп жыр-әнім» атты шығармашылық кеші жоғары деңгейде өтті.
Кешке арнайы шақырылған қонақтар, мекеме басшылары, жергілікті қаламгерлер мен ауыл тұрғындары қатысып, өнер иесіне деген құрметтерін білдірді. Ән әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар кеш иесі сахна шымылдығын «Елге арнау» әнімен түріп, көрерменін бірден әсерлі әуеннің иіріміне жетеледі. Кештің мазмұны жүйелі түрде кейіпкердің өмір кезеңдері арқылы өрбіді. Алдымен балалық шаққа шолу жасалып, оның бауыры Гүлайым Ахметқалиқызы мен сынып жетекшісі Қалеш Тұқпатұлы өткен күндердің қызықты сәттерімен бөлісті. Бұл бөлім кешке жылылық пен шынайылық сыйлады. Одан әрі жастық шаққа ойысқан кеш барысында студенттік кезең естеліктері айтылды. Группаласы Махамбет Даулбаев пен кураторы Тамара Мұқанқызы сол бір жалынды жылдарды еске алып, кейіпкердің сол кезден-ақ өнерге жақын болғанын ерекше атап өтті. Кештің келесі бөлімі ұстаздық жолға арналды. 30 жылдан астам бірге қызмет еткен әріптесі Бибігүл Орынғалиқызы, алғашқы еңбек жолындағы серіктесі Сағираш Мұхатқызы және өнердегі құрбысы Ақтолқын Бақытжанқызы ұстаздың кәсіби әрі адами болмысын тілге тиек етті. Әсіресе шәкірттерімен өткен сәттерден құралған бейнеролик пен арнау өлең көрермен көңіліне ерекше әсер қалдырды.

Жерлес ақын Абат Бектеновтің сөзіне жазылған «Сағынышым Атырау» әнін «Назқоңыр» триосымен бірге орындауы кештің көркін арттыра түсті. Шығармашылықтың шарықтау шегі ретінде кеш барысында «Жүрегімді тербеп жыр-әнім» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл жинаққа автордың жүрегінен туған әндері мен өлеңдері топтастырылған. Кітапты Новобогат орта мектебінің мұғалімі Ләззат Ыбырайқызы таныстырып, оның мазмұндық ерекшелігіне тоқталды. Ал тұсауын жергілікті қаламгер Мұрат Бектенов және Махамбет Даулбаев кесіп, ақжарма тілектерін білдірді. Ал кештің ең толқытқан сәті – анаға арналған ән болды. Гүлайнаш Ахметқалиқызы баян аспабымен «Анашым» әнін орындап, жүрек түкпіріндегі сағынышын көрерменмен бөлісті. Бұл сәт залдағы әр адамға ерекше әсер етті. Шара соңында Қамысқала ауылдық округінің әкімі мен мекеме басшылары құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді. Ал кештің қорытынды нүктесін халықаралық байқаулардың жеңімпазы, шәкірті Сәттібек Ғиянатов «Мәңгілік ел» әнімен қойды.
Иә, бұл кеш тек бір өнер иесінің шығармашылық есебі ғана емес, жүректен туған өнердің, ұстаздық ұлағаттың, шәкірт пен ұстаз арасындағы рухани байланыстың жарқын көрінісі болды.
Жұлдыз СЕМБИЕВА


