Жүрекке түсер жүк ауыр

 

Жүрек ауырғанда ғана оның бар екенін сеземіз. Ал оған күн сайын түсіп жатқан салмақты көп жағдайда байқамаймыз. Таңғы асығыс тірлік, түнгі ұйқының қысқаруы, қозғалыстың азаюы, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс, қан қысымының жоғарылауы – бір қарағанда бір-біріне қатысы жоқ әдеттер сияқты. Алайда олардың әрқайсысы жүрекке түсетін жүктемені арттыра береді. Ең алаңдатарлығы – жүрек-қан тамырлары аурулары бұрын көбіне егде жастағылардың дерті саналса, бүгінде еңбекке қабілетті, тіпті жас адамдардың арасынан да жиі кездесіп отыр. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жүрек-қан тамырлары аурулары әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып қала береді. 2022 жылы бұл аурулардан шамамен 19,8 миллион адам көз жұмған. Оның басым бөлігін инфаркт пен инсульт құраған. Бұл – алыстағы статистика ғана емес. Жүрек дерті Исатай ауданындағы тұрғындардың денсаулығына да салмақ түсіріп отыр. Өткен  жылдың қорытындысымен бойынша аудан бойынша жүрек-қан тамырлары ауруларымен диспансерлік есепте 2614 адам тұрған. Мамандардың айтуынша, биыл да  бұл көрсеткіштің өсу қаупі бар. Исатай аудандық ауруханасының жоғары санатты кардиолог дәрігері Таутанова Сандуғаш Құрманбайқызы толығырақ айтып берді. 

 

 

Маманның сөзінше, жүрек-қан тамырлары аурулары бір күнде пайда болмайды. Оның негізінде жылдар бойы қалыптасатын қан қысымының жоғарылауы, қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау, артық салмақ, күйзеліс, темекі шегу секілді қауіпті факторлар жатады. Алайда адам денсаулығына қауіп төндіріп тұрғанын көп жағдайда ауру асқынған кезде ғана сезеді. Сондықтан жүрек саулығына жауапкершілік сырқат пайда болғаннан кейін емес, оған дейін  басталуы керек.

–Жүрек-қан тамырлары ауруларының ішінде артериялық гипертензия, яғни қан қысымының жоғарылауы жиі кездеседі. Қан қысымының ұзақ уақыт бойы жоғары болуы жүрек пен қан тамырларына түсетін жүктемені арттырып, миокард инфарктісі, инсульт, жүрек жеткіліксіздігі сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Артерия-лық қан қысымының жоғары болуының қауіптілігі – адам оны бірден сезбеуі мүмкін. Кей жағдайда бас ауыруы, әсіресе желке тұсының ауырсынуы, бас айналу, жүрек тұсының сыздап немесе шаншып ауыруы, жүрек айну, қолдың, тіл мен еріннің ұюы сияқты белгілер байқалады. Мұндай жағдайда өздігінен ем қабылдамай, дәрігерге қаралған жөн,-дейді кардиолог Сандуғаш Құрманбайқызы.

Иә, дәрігердің айтуынша, аурудың алдын алуда адамның жасы мен тұқым қуалаушылық факторы да маңызды. Ата-анасында артериялық гипертензия немесе жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар денсаулығын тұрақты бақылауда ұстағаны дұрыс. Сонымен бірге артық салмақ, қимыл-қозғалыстың аздығы, майлы әрі тұзды тағамдарды шамадан тыс тұтыну жүрекке түсетін салмақты арттырады. Кардиологты алаңдататын тағы бір мәселе – энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну. Әсіресе ұзақ уақыт жұмыс істейтін, түнгі ауысымдағы қызметкерлер арасында сергек жүру үшін мұндай сусындарға жүгіну кездеседі.

– Энергетикалық сусындарды көп мөлшерде пайдалану, әсіресе құрамындағы кофеиннің жоғары болуына байланысты, жүрекке кері әсер етеді. Қазір 40-45 жасқа дейінгі ер адамдар арасында жүрек жеткіліксіздігі анықталып жатқан жағдайлар кездеседі. Түнгі ауысымда жұмыс істейтін такси жүргізушілері, құрылысшылар, мұнай саласының қызметкерлері сергек жүру үшін энергетикалық сусындарға әуес. Өкінішке қарай, мұндай сусындарды мектеп оқушыларының да тұтынатыны байқалады. Сондықтан ата-аналар бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, балаларының не ішіп жүргеніне назар аударуы қажет,-дейді Сандуғаш Құрманбайқызы.

Жүрек ауруының алдын алу үшін күрделі шаралардың қажеті жоқ. Қан қысымын тұрақты өлшеу, холестерин мен қандағы қант деңгейін тексеру, дене салмағын бақылау, күнделікті қозғалысты көбейту және дұрыс тамақтану – жүрекке түсетін қауіптің алдын алатын қарапайым қадамдар.

 

 

Ал аурудың алғашқы белгілерін елемеу ауыр салдарға соқтыруы мүмкін. Жүрек-қан тамырлары ауруларының ең қауіпті асқынуларының бірі – миокард инфарктісі. Ол жүрекке қан жеткізетін тамырлардың тарылуы немесе бітелуі салдарынан дамиды. Инфаркт кезінде кеуде тұсы қатты қысылып немесе ауырып, ауырсыну жауырынға, қолға, иекке немесе жаққа таралуы мүмкін. Кейде тіс пен жақтың ауыруы, өңеш тұсының қыжылы мен күйдіруі де байқалады. Сондықтан мұндай белгілерді асқазан немесе тіс ауруымен байланыстырып, уақыт жоғалтып алмау маңызды.

Жүрек талмасына күдік туған жағдайда ең алдымен жедел жәрдем шақыру қажет. Науқасты тыныштандырып, қысып тұрған киімдерін босатып, бөлмені желдетіп, жартылай отырғызған дұрыс. Егер дәрігер бұған дейін нитроглицерин қабылдауды ұсынған болса, оны дәрігер белгілеген тәртіппен қолдануға болады. Ең бастысы – уақыт жоғалтпай, медициналық көмекке жүгіну.

Аудан тұрғыны да жүрек ауруының алғашқы белгілерін елемеудің салдарын өз тәжірибесінен өткізген. Атын жарияламауды сұраған тұрғын 2025 жылы кеуде тұсының ауыруы мен ауа жетпеуіне байланысты ауруханаға түскен. Тексеруден өтіп, тиісті ем қабылдағаннан кейін қазір кардиологтың бақылауында.

– 2025 жылы жүрек ауруына байланысты ауруханаға түстім. Сол жерде тексеруден өтіп, ем қабылдап шықтым. Қазір кардиологтың нұсқауымен дәрі-дәрмек қабылдап жүрмін. Дәрігер тағайындаған Юпирио 100 дәрісі өзіме жақсы әсер етіп, көмектесіп келеді, – дейді аудан тұрғыны.

Қазір ол дәрігер белгілеген емді үзбей қабылдап, денсаулығын тұрақты бақылауда ұстайды. Бұл жағдай жүрек ауруын емдеуден бұрын оның алдын алудың маңызды екенін тағы бір аңғартады.

Кардиологтың айтуынша, жүрек саулығы ең алдымен күнделікті әдетке байланысты. Дұрыс тамақтану, жеткілікті дене белсенділігі және сапалы ұйқы – негізгі үш тірек. Оған қан қысымын бақылау мен профилактикалық тексеруден өтуді қосқанда, көптеген қауіптің алдын алуға болады.

Жүрек ауруын тек жасы ұлғайған адамдарға тән дерт деп қабылдайтын түсінік бүгінде өз мәнін жоғалтып келеді. Себебі жүрекке түсетін салмақ көбіне адамның күнделікті өмір салтынан қалыптасады. Сондықтан денсаулықтың дабылын ауру асқынғанда емес, алғашқы белгіден-ақ есту – жүректі сақтаудың ең маңызды шарты.

Гүлнұр ӨТЕУ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT