Жүректерде жазылмаған жара

 

15 ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 37 жыл толды. Осы бір датаға орай жер-жерде ауған өртінен аман оралған жерлестермен жүздесулер ұйымдастырылып, талай жүздеген тағдырды тас-талқан еткен, жүректегі жарасы әлі жазылмаған жылдардың естен кетпес естеліктері айтылды. 

Осынау жиындардың бірі Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің Исатай аудандық бөлімшесінде де «Ерлер есімі – ел тарихы» тақырыбында ұйымдастырылып, аудандағы Ауған соғысына қатысушы ардагерлермен кездесу өтті.

Аққыстау орта мектебінің оқушылары қатысқан бұл шараны  ашқан бөлімше меңгерушісі Әліби Хайдаров «ауған соғысы» деген атау иеленген осынау қанды қырғынға жан-жақты тоқталды. Ардагерлер болса, өздері бас-тан кешкен сол соғыс туралы ойларын ортаға салып, ондай зұлматты енді басқа бермеуін, бүгінгі ұрпақтың бақытты өмірінің жалғаса беруін тіледі. Оқушылардың тарапынан қойылған сұрақтарды да жауапсыз қалдырмаған оларға шара соңында алғыс білдіріліп, ерлік істері мен өнегелі өмірлері жас ұрпақ үшін әрдайым үлгі-өнеге екендігі аталып өтілді.

Мұндай жиын сол күні Тұщықұдық ауылдық округінде де болып өтті. Осы топырақтан сол бір сұрапыл жорық жолдарынан жүріп өткендер қатарында болған интернационалист жауынгер, ардагер Садихов Дабысқали Бақтығалиұлымен болған жүздесу ауылдық округ әкімдігі ғимаратында өтті. Ауғандық ардагерді округ әкімі Арслан Амиров пен Н.Үлкенбайұлы атындағы ауылдық мәдениет үйінің директоры Мақсот Ислат арнайы қабылдап, Отан алдындағы адал қызметін, ел тыныштығы жолындағы ерлігі мен табандылығын ерекше атап өтті. Бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін жас ұрпақтың санасына сіңіруде ардагерлер естеліктерінің де маңызы зор екендігі тілге тиек етілді. 

Атаулы күнге орай өткен іс-шаралардың бәрінде де қатысушылар ел бірлігі мен тыныштығын сақтауға, бейбіт өмірдің бағасын білуге шақыратын ақ тілектерін білдірді.

Иә, сол бір сұрапылдағы аға буынның ерлік істері ұрпаққа үлгі, тарихта өшпес із болып қалары сөзсіз.

 

                                                Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT