Жүректерді тербеген Шәмші әндері-ай!

 

Өнер көптікі екені рас. Соңғы уақыттарда сол өнерді, өнерге деген ықылас-ниетті де өрісті ете түсуімен көптің көңілінен шығып жүрген Нариман Үлкенбайұлы атындағы Тұщықұдық мәдениет үйінде тағы бір тамаша кеш өтті. Ол сейсенбі күні кеште Қазақстанда ғана емес, шетелдерде (Түркия, Германия және т.б.) де қазақ өнерін дәріптеп жүрген Атырау облыстық филармониясының Қаршыға Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің өз тыңдармандарына композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне арналған «Ән Аға»  атты жаңа концерттік  бағдарламасын ұсынуы еді. Оркестрдің бас дирижері және көркемдік жетекшісі – Ержан Қитаров.

Күні бұрын құлақтанған жұртшылық концертті тағатсыздана күтті. Концертті тамашалауға көрші ауылдардағы өнерсүйер ағайынның да ағылып келіп жатуы көңілімізді қуантқанын айтпай кетуге болмайды. Сөйтіп зал әп-сәтте лық толды.

Сазды кештің жүргізушісі сахнаға шығып, «қош келдіңіздерін» айтып, тамаша сәттің шымылдығы түрілуі мұң екен, бүкіл зал дүркірете қол соқты.

Көңілдерді елеңдеткен концерт М.Шахановтың өлеңіне жазылған «Ана туралы» әнімен ашылды. Осы бір әрлі туындының әсерлі әуені әп дегенде көңілдерді тербеп кеткені сонша, залдағы үлкен-кіші көрермен Шәмші әніне бір кісідей қосыла кетіп, бейнебір зал іші Шәмші әнімен тербеліп тұрғандай әсерде болдық.

Бұдан кейін оркестрдің сүйемелдеуімен Шәмші Қалдаяқовтың З.Шүкіров, Т.Айбергенов, Н.Әлімқұлов, Т.Молдағалиев, С.Асанов сынды ақындарымыздың өлеңдеріне жазылған «Арыс жағасында», «Әнім – сен едің», «Сыр сұлуы», «Кешікпей келем деп ең», «Қуаныш», «Қайықта», «Ақ бантик», «Бәрінен де сен сұлу», «Құшақ жайған қандай адам», «Сүйген болсаң, сағынарсың», «Ақмаңдайлым», «Қайдасың», «Ол жалғыз, біз екеуміз», «Бақыт құшағында», «Отырардағы той», «Арқалықтың ақ таңы», «Ақ ерке -Ақ Жайық» әндерін оркестрдің жеке солист әншілері Медет Қарамырза, Назым Шаймарданова, Самал Теміралиева, Айбар Ғаниұлы, Бақтоты Какимова, Ержан Мырзахметов, Мәди Айтасов, Ақмарал Кәдірбаева, Азамат Ізниев, Әсет Әлиев және Ханзада Сақыпова бірінен кейін бірі нақышына келтіре орындап, сахнадан сұлу саз тамылжи төгілді. Сондай-ақ оркестрдің орындауындағы Е.Үсеновтың «Шәмші-дастан» шығармасы да көрермен көптің көңілінен шықты.

Концерт соңында Шәмші Қалдаяқов әндерінен керемет ән кешін сый еткен осынау өнер ұжымына аудан әкімінің орынбасары  Рашид Тасанұлы Мұқанов өз атынан, барша өнерсүйер қауым атынан шын ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің Алғыс хаты мен ескерткіш сыйлығын табыс етті, гүл шоқтары ұсынылды.

 

Аяпберген САЛИХОВ,
Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT