Қыстың қаһары жырақтай түсіп, жер-жаһанды жаңғыртар көктемнің жылы лебі де сезіле түскен шақ бұл. Өңір көктемін де, көңіл көктемін де әрлендіре түсер әз Наурыз мейрамы таяла түскен күндер – осы. Наурыз, ғалымдардың зерттеуінше, ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы ретінде дүниенің көптеген еліне тән. Біздің қазақта ол Наурыз мейрамы аталып, жылдың басы, жаңа күн, көктемнің хабаршысы саналған. Тіпті, БҰҰ Бас ассамблеясының арнайы қарарына сәйкес осыдан 13 жыл бұрын 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» деп аталғаны белгілі. Бас ассамблея осыған орай берген түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын» мәлімдеулі. Ал ЮНЕСКО болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізген екен.
Қазақстанда Наурыз мейрамы 2009 жылдан бергі уақытта 21-23 наурыз аралығында аталып өтіледі. Жалпы, Наурыз парсы, кавказ жұрты және түрік секілді халықтардың арасында да көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады екен. Бұл мейрам Иранда 21 наурызда, Орталық Азия елдерінде және Әзербайжанда, мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстанда және Қазақстанда - 22 наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурызда аталып өтіп жүр.
Қазір қазақстандықтар Наурыз мейрамын жыл сайын он күн бойына – 14-23 наурыз аралығында тойлай алатын болды. Наурызнама аталатын онкүндік мейрамның мән-мағынасы мен мазмұнын байытып, түрлі мәдени және дәстүрлі іс-шараларды қамтиды. Яғни, оның әр күні қазақ мәдениеті мен қоғамының байлығы мен алуантүрлілігін көрсететін белгілі бір тақырып пен құндылыққа арналып келеді. Наурызнама онкүндігі қайырымдылық пен мәдени шаралардан бастап, ұлттық салт-дәстүрлер мен экологиялық акцияларға дейін қоғамның барлық саласын қамтуға бағытталып жүр. Еліміздің барлық өңірінде халықтық мерекелер мен мәдени-спорттық іс-шаралар өтетін кезең бұл. Этноауылдар құрылып, жәрмеңкелер, басқа да шаралар ұйымдастырылатынына куә да болып жүрміз.
Міне, тағы бір жаңа жылға қадам басар шақтамыз. Көрісуге ұласа әз Наурызымыз да келіп қалды. 14-індегі Көрісу күнінен бастау алып, 15- 23 наурыз аралығында Қайырымдылық күні, Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, Шаңырақ күні», Ұлттық киім күні, Жаңару күні, Ұлттық спорт күні, Ынтымақ күні, Жыл басы күні және Тазару күні болып өріс табатын Наурызнама бүкіл еліміздегі сияқты ауданымызда да бастау алып, өзіндік сәнімен, мәнімен жалғасып жатыр.


