Жанбай ауылдық мәдениет үйінде «Ақын – елдің ардағы» тақырыбындағы тамаша бір шара болып өтті. Алды жетпістің ішіне еркін енген аға буын ақындармен кездесуге арналған бұл шара барысында аудандағы өлеңнің өріне енді ғана қол созып жүрген талапкер жас буын өкілдерінің арасындағы «Біз жанармыз лапылдап...» атты мүшәйра да көңілде көп әсер қалдырды.
Ауылдық округ әкімі Ерлан Махсотов ашып, аға буын ақындарға тілек хатын ұсынып, шапанын жапқан шараны өткізуге мұрындық болған аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Жанбай ауылдық округі әкімшілігі, Жанбай ауылдық мәдениет үйі ұжымы екенін алдымен айта кетуіміз орынды деп білдік. Мұндай жүздесу бұрын-соңды басқа ауылдарда ұйымдастырылғанын өз басым көрмеген екенмін. Ұйымдастырушылар айтқандай, мақсат – талаптың тұлпарын енді мінген аудандағы жас ақындарды бір-бірімен таныстыру, олардың алдыңғы аға буын қаламгерлердің ақыл-кеңесін ала жүруіне септесу, бойларында рухани байлықтарын молайтып, сөз өнеріне қызығушылықтарын арттыру. Әрине жас талаптардың туған жерге деген сүйіспеншілігі, елге деген құрметі арта түсуі де ойда ұсталынған жайт болғаны анық.

Иә, осынау жүздесуге аудандағы аға буын қаламгерлерден Мұрат Бектенұлы, Қожантай Сыдихов, Шамар Есмурзин, Аяпберген Салихов, Адайбек Есекеш және осы жолдардың авторы қатысты. Олардың бәрі де өз кезегінде әдебиет жайлы ойларын сабақтап, өздерінің бір-бір туындыларын оқып берді. Сондай-ақ, жүздесуде жылы әсерге байытқан бір жайт – мүшәйраға қатысушы жас ақындардың көрген-түйгені көп олармен араласа жыр маржандарын төгуі болды. Нәтижесінде сөз алған аға буын өкілдері Исатай, Аққыстау, Тұщықұдық, Жанбай ауылдық округтерінен келген жас талаптардың аяқ алыстарына үңіліп, кейбір кеңестерін ұсынды, пікірлерін қосты.
Аға қаламгерлерге аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айбатыр Бекішұлының алғыс хаттары, ал жас буынға ауылдық мәдениет үйі басшысы Құралай Қапсихованың атынан алғыс хаттары мен ескерткіш сыйлықтары табыс етілген шара өз мәнінде өтті. Бір әттеген-айы, Хамит, Мақсұт, Фариза, Нұралы, Күзембай сынды талай таланттарды тудырған топырақта, аудандағы жас ақындардың және өнердің де жанашыры болып жүрген ақын-сазгер Берікбол Қонаровтың айтуынша, 30-ға жуық «өлеңге таласы бар» жастар болғанымен олардың жыр лебі ескен жүздесуде бірен-сараны ғана болмаса көпшілігінің бой көрсете алмауы болды. Десек те, шараны ұйымдастырушылардың бұл бастамасы алға қарай да жалғасын таба бермегіне сендіруі көңілді бір серпілтіп тастады.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР


