Зинеден мен Исатайға 13 тоннадан мал азығы жеткізілді

Қыстың қытымыр мінезі мен нарықтағы бағаның құбылмалығы биыл ауылдағы ағайынға оңай тиген жоқ. Әсіресе төрт түліктің қамын күйттеген шаруалар үшін мал азығының қымбаттауы – ең өзекті мәселеге айналды. Қорадағы малдың амандығы – ауыл тұрмысының өзегі екенін ескерсек, жем-шөптің қолжетімді болуы әлеуметтік маңызы бар міндет екені анық.

Осындай кезеңде аудан әкімдігі нақты іске көшіп, мал азығын тұрақты жеткізу бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді. Соның нәтижесінде Батыс Қазақстан облысынан тағы да 26 тонна мал азығы жеткізіліп, шалғайдағы Зинеден мен Исатай ауылдарына теңдей бөлінді. Әр ауылға 13 тоннадан сатылып, тұрғындардың сұранысы қамтылды.

Бұл жерде басты мәселе тек көлемде емес, баға тұрақтылығында болып отыр. Нарықтағы құбылысқа қарамастан, 25 келілік бір қап жемнің 2600 теңгеден ұсынылуы – шаруалар үшін айтарлықтай жеңілдік. Мұндай қолжетімді бағаға жергілікті кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары және мердігер мекемелер демеушілік жасап, ортақ іске үлес қосты. Бұл – ауылдың әлеуеті ынтымақ пен бірлікте екенін көрсететін нақты қадам.

Айта кету керек, бұл – бір реттік шара емес. Бұған дейін де көрші өңірден мал азығы жеткізіліп, 8 ақпанда Қамысқала ауылына 39 тонна жем сатылып басталған болатын. Кейін Тұщықұдық, Аққыстау, Жанбай, Нарын ауылдық округтерінің және Томан бекетінің тұрғындары да қолжетімді бағамен жем алуға мүмкіндік алды.
Соңғы жеткізілімдерді қоса есептегенде, аудан бойынша барлығы 239 тонна ақбидай жемі сатылды. Бұл – қысқы науқанда шаруаларға көрсетілген нақты қолдау.

Қиын кезеңде қолға алынған мұндай шаралар ауыл тұрғындарының сенімін нығайтып қана қоймай, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға да ықпал етеді.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT