Зиянды әдеттен сақтану, құқық бұзушылықтың алдын алу және интернеттегі қауіп-қатерден қорғану – бүгінгі қоғам үшін маңызды мәселелердің бірі. Осыған орай «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ауданымызда жастар мен тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын қамтыған ауқымды профилактикалық шара өтті.
Іс-шара «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы және аудандық білім бөлімінің қолдауымен, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткізілді. Кездесудің негізгі мақсаты – есірткі құқық бұзушылықтары мен нашақорлықтың, ойынқұмарлық пен өзге де тәуелді мінез-құлықтың алдын алу, жастардың құқықтық сауатын арттыру және интернет-алаяқтықтан сақтану жолдарын түсіндіру.
Профилактикалық шараға Атырау облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Айбол Ідірісов және облыстық Полиция департаменті Есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы кеңесінің мүшесі, «Жаңғыру» оңалту орталығының директоры Асқар Ізбасаров қатысты. Алғашқы кездесу Абай атындағы орта мектепте 9-11 сынып оқушыларымен өтті. Жасөспірімдерге есірткінің адам өмірі мен денсаулығына тигізер зардабы, есірткіге тәуелділіктің алдын алу, құқық бұзушылыққа жол бермеу және өмірлік маңызды шешімдерді дұрыс қабылдаудың мәні кеңінен түсіндірілді. Кездесу барысында ойынқұмарлық пен тәуелді мінез-құлық мәселесі де назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда жастар арасында уақытты тиімді пайдалану, эмоциялық тұрақтылықты сақтау және түрлі тәуелділіктерге бой алдырмаудың маңызы түсіндірілді. Профилактикалық жұмыс одан кейін «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының қызметкерлерімен, сондай-ақ аудандық Жастар ресурстық орталығында мемлекеттік қызметшілер мен жастардың қатысуымен кездесулер өткізіп, өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Атырау облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Айбол Ідірісов аталған кездесулердің маңыздылығына тоқталды.

– Қазіргі таңда мектеп оқушыларымен қатар кәсіпорын қызметкерлерімен де, жастар орталығымен бірлесіп профилактикалық кездесулер өткізіп жатырмыз. Басты мақсатымыз – халық арасында, әсіресе жастар арасында есірткі құқық бұзушылықтары мен нашақорлықтың, ойынқұмарлықтың және тәуелді мінез-құлықтың алдын алу. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар ең алғашқы болып Исатай ауданында жүргізудеміз. Алдағы уақытта профилактикалық іс-шараларды облыс көлеміндегі өзге де аудандарда жалғастыратын боламыз, – деді Айбол Қайратұлы.
Кездесудің тағы бір маңызды тақырыбы – интернет-алаяқтықтың алдын алу болды. Мамандар соңғы уақытта жиі кездесетін алаяқтық тәсілдерге тоқталып, азаматтардың жеке қауіпсіздігіне қатысты маңызды кеңестер берді. Қатысушыларға жеке мәліметтерді, банк картасының нөмірі мен құпия кодтарын бөгде адамдарға айтпау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз нөмірлерден келген қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарау қажеттігі ескертілді. Сондай-ақ кез келген ақпаратты тексеріп, күмәнді жағдайда тиісті органдарға жүгінудің маңызы айтылды.
Иә, қауіптің алдын алу – салдарымен күресуден әлдеқайда маңызды. Осыны мақсат еткен түсіндірме жұмыстары жастарға ой салып, қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамауға үндейді. Себебі қауіпсіз орта қалыптастыру – бір мекеменің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН


