Егістік алқаптарын зиянкестерден қорғау, шегіртке тектес қауіпті жәндіктердің таралуының алдын алу және карантиндік объектілермен күресті жүйелі түрде ұйымдастыру әрдайым өзекті мәселе болып келеді. Осыған байланысты облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы тарапынан берілген ұсынымдарға сәйкес аудан көлемінде шегіртке зиянкестері мен карантиндік объектілерге қарсы күрес жұмыстарын үйлестіру бағытында нақты шаралар қабылдануда. Арнайы жедел штаб құрылып, мониторинг пен қорғау шараларын жаңа деңгейде жүзеге асыру көзделген. Аталған жедел штабтың алғашқы отырысы өтіп, онда аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов төрағалық етті. Жиынға тиісті бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
«Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ аудандық филиалының басшысы Нұрберген Исқалиев атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Оның айтуынша, аудан көлемінде үйірлі шегірткелердің екі түрі, яғни азиялық шегіртке мен итальяндық прус кездеседі. Азиялық шегіртке теңіз жағасындағы шабындық алқаптарда мекендесе, итальян прусы Нарын құмының жайылымдық жерлерінде таралған. Өткен жылы Тұщықұдық, Нарын, Зинеден ауылдық округтерінде мониторинг жүргізіліп, зиянкестерге қарсы кешенді фитосанитариялық шаралар атқарылды.
Сондай-ақ шегірткелердің көбеюі 10-12 жылдық табиғи циклге бағынатынын атап өтті. 2024-2025 жылдары осы кезеңнің шарықтау шегіне сәйкес келіп, олардың қоныстану тығыздығы артқан. Осыған байланысты шілде-тамыз айларында зиянкестердің шағылысу және жұмыртқа салу кезеңінде тиісті жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде олардың таралуы бақылауға алынып, ауыл шаруашылығы алқаптарына келетін қауіптің алдын алу қамтамасыз етілген. Биылғы жылы көктемгі зерттеу және дернәсілдердің таралуын бақылау мақсатында мониторинг жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар зиянкестердің таралуын дер кезінде анықтап, олардың жаппай көбеюіне жол бермеуге және ауыл шаруашылығы дақылдарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. Жиынның қорытындысында жедел штаб төрағасы жауапты мекемелердің үйлесімді жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтіп, аудандық аумақтық инспекция өкілдерінің де бұл жұмыстарға белсенді қатысуы қажеттігін ескертті.
Жалпы атқарылып жатқан жұмыстар өңірдегі аграрлық саланың тұрақты дамуына берік негіз қалап, табиғи тепе-теңдіктің сақталуына және шаруалардың маңдай терімен келген еңбегін қорғауға зор ықпал етеді. Бұл бағыттағы жүйелі шаралар тек бүгінгі егіннің бітік шығуына ғана емес, сонымен қатар болашақ ұрпаққа құнарлы жер мен қауіпсіз табиғи ортаны аман жеткізуге қызмет қылады. Уақытылы жүргізілген мониторинг пен тиімді ұйымдастырылған қорғаныс жұмыстары ауыл шаруашылығы алқаптарының өнімділігін арттырып, өңір экономикасының нығаюына серпін берері сөзсіз.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН


