Елімізде апатты және үш ауысымды білім ошақтарының саны айтарлықтай азайып, материалдық-техникалық база жаңартылды.
Мемлекет басшысы айқындап берген басымдықтардың бірі – мектеп инфрақұрылымындағы қордаланған проблемаларды жою. Осы мақсатта кейінгі жеті жылда 1 300-ден астам жаңа мектеп салынды, апатты және үш ауысымды білім ошақтарының саны айтарлықтай азайып, материалдық-техникалық база жаңартылды. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Жасампаздыққа жетелеген жеті жыл» атты мақаласында айтылды, - деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ғана 2023–2025 жылдары бүкіл еліміз бойынша ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 217 мектеп салынды, - делінген мақалада.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы TALIS-2024 халықаралық зерттеуіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің еңбекақысымен қанағаттану деңгейі бойынша әлем елдерінің үздік бестігіне кіргеніне тоқталды. Егер 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 39% болса, 2024 жылы 71%-ға жетті. Еліміздегі педагогтердің 95%-ы өз жұмысына көңілі толатынын айтты.


