Ардагер ұстазбен тағылымды кездесу

 

Бүгінде мемлекеттің тұрақтылығы мен әділетті қоғам құру жолындағы бастамалардың мәні зор. Осы мақсатта Атырау қаласында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалиция мүшелері – Бақберген Қарабаев, Дәмелі Қалиева және Жаңылсын Кенжеғалиева ардагер ұстаз Хамза Ғабдолламен тағылымды кездесу өткізді.

Кездесу барысында елдің даму бағыты, білім саласының қоғамдағы орны, жастарды тәрбиелеу мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру, сондай-ақ жаңа Конституция жобасының маңызы төңірегінде мазмұнды пікір алмасу өтті. Саналы ғұмырын жас ұрпақтың тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз мемлекеттің тұрақтылығы мен әділетті қоғам құру жолындағы бастамалардың мәніне тоқталып, білім мен тәрбие кез келген реформаның берік негізі екенін ерекше атап өтті.

Коалиция мүшелері Конституция жобасында қарастырылған әлеуметтік әділеттілік, заңның үстемдігі және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған өзгерістерді түсіндіріп, аға буын өкілінің ой-пікірін тыңдады. Сала ардагері Хамза Ғабдолла өз кезегінде ел болашағына қатысты қабылданатын әрбір маңызды шешім халық мүддесіне қызмет етуі тиіс екенін айтып, сапалы білім мен саналы тәрбие – мемлекет дамуының басты тірегі екенін жеткізді. Сонымен қатар, ол жастардың құқықтық сауатын арттыру, азаматтық белсенділігін көтеру және қоғамға пайдалы іс-шараларға қатыстырудың маңыздылығын да ерекше атады.

Жүздесу ашық әрі еркін форматта өтіп, буындар сабақтастығының, тәжірибе алмасу мен өзара құрметтің жарқын үлгісіне айналды. Қатысушылар қоғамдағы маңызды реформаларға ортақ көзқарас қалыптастырудың, аға буын тәжірибесін ескерудің және құқықтық мәдениетті дамыту жолында мұндай кездесулердің маңызын атап өтті.

 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT