Атырауда 56 мектепте IT және STEAM кабинеттері ашылды

Атырау облысында білім беру жүйесін жаңғырту, оқушыларға заманауи білім беру ортасын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – «Келешек мектеп» жобасы. Жоба аясында өңір мектептерінде цифрлық технологияларды енгізу, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану және оқушылардың болашақ дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 

Қазіргі таңда цифрлық сауаттылық пен технологияларды ерте меңгеру – білім алушылар үшін маңызды талаптардың бірі. Осы бағытта Атырау облысында мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, IT және STEAM бағыттарын дамыту жұмыстары жүзеге асырылып келеді. Бүгінде облыстағы 198 мектеп жоғары жылдамдықтағы интернетпен толық қамтылған. Бұл оқушылар мен мұғалімдерге цифрлық ресурстарды тиімді пайдалануға, заманауи білім платформаларына қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе ауыл мектептеріндегі білім алушылар үшін бұл – сапалы білімге қолжетімділікті арттыратын маңызды қадам. Өңір мектептерінде 56 IT-сынып және 56 STEAM кабинеті ашылған. Арнайы жабдықталған кабинеттерде оқушылар робототехника, бағдарламалау, 3D модельдеу, инженерлік жобалау бағыттарын меңгеруде. Бұл жұмыстар балалардың техникалық ойлау қабілетін дамытып, олардың ІТ және инженерлік салаларға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

«Цифрлық білім беру саласында жетістікке жеткен атыраулық мұғалімдер республикалық деңгейде танылып жүр. Жалпы, Атырау облысында білім беру жүйесін цифрландыру дәстүрлі оқыту моделінен заманауи, технологияға негізделген білім беру жүйесіне көшуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл өзгерістер оқушылардың білім сапасын арттырып қана қоймай, оларды болашақ цифрлық экономика талаптарына бейімдеуге бағытталған» дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы М.Абуов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT