Атыраудағы №49 «Келешек» мектебінде болашақ бірінші сынып оқушыларына арналған «Балақайлар мектебі» өз жұмысын бастады.
Жоба мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған бүлдіршіндерді жаңа ортаға бейімдеуге, олардың мектеп өміріне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Балалар алғашқы күндерден бастап мектеппен, сынып бөлмелерімен және ұстаздарымен танысып, болашақ сыныптастарымен қарым-қатынас орната бастайды.
«Балақайлар мектебі» барысында балаларға мектептегі күн тәртібі мен оқу үдерісі туралы түсінік беріліп, түрлі танымдық және шығармашылық жұмыстар ұйымдастырылады. Мұндай сабақтар бүлдіршіндердің жаңа ортаға еркін бейімделуіне және мектепке деген жағымды көзқарас қалыптастыруына ықпал етеді. Жоба аясында болашақ бірінші сынып оқушылары білім алуға алғашқы қадам жасап, жаңа достар тауып, ұстаздарымен жақынырақ танысады. Бұл — баланың мектепке психологиялық тұрғыдан дайындалуына да маңызды мүмкіндік. №49 «Келешек» мектебінің ұжымы бүлдіршіндердің мектеп өміріне қуанышпен қадам басып, жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен бастауына жағдай жасауды көздеп отыр.


