Атыраулық жас өнертапқыштар Нұрдәулет Нұрмұхан мен Парасат Сакишев қамыс өрттерінің алдын алуға арналған робот-дрон жасап шығарды. Жоба Атыраудағы JasUp техникалық бағытта білім беру орталығында жүзеге асқан.
Робот-дрон өрт ошақтарын ерте кезеңде анықтап, жедел түрде арнайы қызметтерге хабарлама жібере алады. Дронға орнатылған камера мен инфрақызыл сәуле арқылы өрттің бастапқы белгілері анықталып, ақпарат Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарына жолданады. Бұл ірі өрттердің алдын алып, табиғи аумақтарды қорғауға мүмкіндік береді.
«Атыраудағы ең үлкен мәселелердің бірі – қамыс өрті. "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерваты жыл сайын өрттен үлкен зардап шегіп келеді. Біздің мақсатымыз – өртті ерте анықтап, оның ауқымды апатқа айналуына жол бермеу», – дейді жоба авторларының бірі Нұрдәулет Нұрмұхан.
Жобаның техникалық бөліміне жауапты Парасат Сакишевтің айтуынша, дрон толықтай қолдан құрастырылған.
«Бұл – он дюмдық дрон. Яғни қатты жел сияқты қолайсыз ауа райында да тұрақты ұша алады. Қазір біз оның мүмкіндіктерін әлі де жетілдіріп жатырмыз», – дейді жас өнертапқыш.
JasUp жобасының менеджері Асқар Алданның айтуынша, жоба авторлары дронды бір жылдан астам уақыт бойы дамытып келеді. "Қазіргі таңда құрылғы тестілік бақылаудан өткізіліп жатыр. Алдағы уақытта Төтенше жағдайлар департаментімен және жергілікті әкімдікпен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз" деді ол.
Жас өнертапқыштарға бағыт-бағдар беріп отырған JasUp техникалық бағытта білім беру орталығы — "Теңізшевройл" компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба. Орталықта оқушылар инженерия, робототехника және IT бағыттары бойынша білім алып, түрлі инновациялық жобаларды іске асыруда.


