Атырау облысындағы 50 педагог жазғы демалысын кәсіби білімін жетілдіруге арнап отыр. Қала мен облыстың жеті ауданынан келген мұғалімдер STEAM бағытындағы біліктілікті арттыру жобасының екінші легіне қатысып, теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, заманауи оқыту әдістерін меңгеруде.
Педагогтер физика, математика, информатика, биология және химия пәндерін оқытуда STEAM тәсілдерін қолдану бойынша білімдерін жетілдіреді.
«STEAM-оқыту: Мұғалімдердің біліктілігін арттыру және мектеп зертханаларын дамыту» жобасы педагогтердің кәсіби құзыретін арттырумен қатар, мектеп зертханаларының мүмкіндігін тиімді пайдалануға бағытталған. Сондай-ақ жоба арқылы оқушылардың ғылыми-зерттеу, инженерлік және технологиялық дағдыларын дамыту көзделген.

Жобаның алғашқы легіне 50 педагог қатысып, оқу қорытындысы бойынша бірнеше авторлық жоба әзірледі. Соның бірі-масадан қорғануға арналған спрей. Мұғалімдер өнімді лаванда және цитронелла майы, эвкалипт, ментол және этил спирті секілді қолжетімді компоненттерден жасаған. Бұл жоба күнделікті өмірдегі мәселеге қарапайым шешім тауып, оны тәжірибе арқылы сынауға болатынын көрсетеді.
Екінші лекке қатысушылар да теориямен шектелмей, практикалық тапсырмаларды орындауда. Бағдарламада біліктілікті арттыру курстары, STEAM әдістемелері бойынша тренингтер, зертханалық жұмыстарды жүргізуге арналған әдістемелік сабақтар және авторлық жобалар әзірлеу қарастырылған.
Сонымен қатар жоба аясында педагогтердің кәсіби қауымдастығын қалыптастыру және онлайн білім беру платформасын іске қосу жоспарланған.
Биология пәнінің мұғалімі Нұрайна Қалабаева жобаның басты ерекшелігі- алған білімді бірден тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретінін атап өтті.
- Педагогикалық еңбек өтілімім 10 жылдан асады. Оқу басталған кезде екі айға жуық онлайн форматта теориялық білім алдық. Қазір сол білімді практикалық сабақтар арқылы бекітіп жатырмыз. Мектебімізде зертхана бар, алайда бұған дейін оны көбіне қарапайым тәжірибелер үшін пайдаланатынбыз. Қазір, мысалы, бананның ДНҚ-сын зерттеп жатырмыз. Мұндай тәжірибелер оқушыларға қызықты болады деп ойлаймын. Алған білімімді сабақтарыма енгізіп, оқушылармен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізгім келеді,- дейді Нұрайна Қалабаева.
«Gylym Dauiri» қоғамдық қорының басшысы Нұрсейіт Жәнібектің айтуынша, жобаның идеясы бірнеше жылдық зерттеуден кейін қалыптасқан.
- Бұл бағытты қолға алмас бұрын үш-төрт жыл бойы мектеп зертханаларының қалай пайдаланылатынын зерттедік. Негізгі мақсатымыз — педагогтерге зертханалардың мүмкіндігін кеңінен пайдалануға көмектесу және оны зерттеу мен тәжірибе жасайтын ортаға айналдыру. Қазір жобаға қызығушылық артып келеді. Мұғалімдер теориямен шектелмей, тәжірибе жасап, өз жобаларын әзірлеуге мүмкіндік алып отыр, — дейді Нұрсейіт Жәнібек.

Жоба «Теңізшевройл» ЖШС-нің 2026 жылға арналған әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясындағы қаржылық қолдауымен, «Gylym Dauiri» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен және Атырау облысының Білім беру басқармасымен жасалған серіктестік меморандумы негізінде жүзеге асырылуда.
Оқу аяқталған соң қатысушыларға сертификаттар табысталады. Сонымен қатар педагогтер өз жобаларын таныстырып, тәжірибесімен бөлісетін арнайы фестиваль өткізу жоспарланған.


