Білім мен тәрбие – ұстаз жүрегіндегі қос қанат

 

Қазіргі қоғамда мұғалімнің рөлі бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Себебі бүгінгі ұстаз – тек білім беруші ғана емес, болашақ ұрпақтың тұлғалық қалыптасуына жол сілтейтін тәрбиеші. Санасы енді қалыптасып келе жатқан баламен ұзақ мерзімді байланыс орнатып, оның дүниетанымын кеңейту – мұғалімнің үлкен жауапкершілігі. Сондықтан да бүгінгі білім сапасы мен тәрбиенің нәтижесі көбіне ұстаздың ұтқырлығына, бәсекеге қабілеттілігіне, кәсіби шеберлігіне байланысты.

Шынында да, бүгінгі күні мұғалім болу оңай емес. Қоғам талаптары өзгерді, заман ағымы жылдамдады. Соған қарамастан, шәкірт жүрегіне жол тауып, олардың санасына білім мен тәрбиені қатар сіңіру – ұстаздың басты міндеті. Жастардың елге пайдалы, саналы азамат болып қалыптасуы үшін ұстаз сабырмен тәлім беріп, бар күш-жігерін, ақыл-ойы мен тәжірибесін жұмсауы қажет. Мен ұстаздық жолды жүрек қалауымен таңдадым. Бұл – кездейсоқ емес, саналы таңдау. Бала кезімнен спортқа, қозғалысқа, салауатты өмір салтына ерекше қызығып өстім. Сол қызығушылық мені дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болуға жетеледі. Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес, ол – үлкен жауапкершілік, сенім мен болашаққа қызмет ету.

Біздің бала күнімізде мұғалімге деген құрмет ерекше еді. Ұстазды көргенде именіп, сөзімізді салмақтап сөйлейтінбіз. Мұғалімнің алдында жасқану – қорқу емес, ол – сыйластықтың белгісі болатын. «Ұстаздан озған шәкірт – ұстаздың абыройы» деген сөз сол кезеңнің тәрбиесін аңғартып тұрғандай.

 

 

Ал бүгінгі заман басқа. Қазіргі оқушы ойын еркін айта алады, пікірін ашық білдіреді, сұрақ қояды. Кейбіреулер мұны тәртіптің әлсіреуі деп қабылдауы мүмкін. Бірақ мен олай ойламаймын. Заман талабы – ашықтық пен сенім. Бүгінгі ұстаз бен оқушы бір бағытта, бір толқында болуы керек. Сондықтан мен өз сабағымда оқушылармен еркін пікір алмасуға, ақылдасуға, тіпті сырласуға тырысамын. Себебі сенім бар жерде – тәрбие де, түсіністік те болады.

Дене шынықтыру сабағы – тек спорт үйрететін пән емес. Бұл – тәртіпке баулитын, төзімділікке тәрбиелейтін, жеңісті де, жеңілісті де сабырмен қабылдай білуге үйрететін өмір мектебі. Спорт алаңында баланың мінезі қалыптасады, ерік-жігері шыңдалады. Командалық ойындар арқылы олар бір-біріне қолдау көрсетуді, жауапкершілікті сезінуді, ортақ мақсатқа бірге жетуді үйренеді. Бұл – тәрбиенің маңызды көрінісі. Менің ұстаздық жолымды таңдауыма отбасымдағы тәрбие де үлкен әсер етті деп ойлаймын. Әкем еңбекқорлықтың, адалдықтың үлгісін көрсетті, ал анам мейірімділік пен жанашырлықты бойымызға сіңірді. Жолдасым да мұғалім болғандықтан, үйде де, түзде де біздің ортақ әңгімеміз – бала тәрбиесі мен білім сапасы. Ұстаздық – біздің отбасымыздың ортақ миссиясына айналған.

«Балаға білім бергенде, оның жүрегіне де жол таба біл» деген қанатты сөз бар. Расында, білім – ақылға қонады, ал тәрбие – жүрекке сіңеді. Егер осы екеуі қатар жүрсе, қоғам да кемелдене түседі.

Қазіргі мектеп – тек білім ордасы ғана емес, ол – тұлға қалыптастыратын орта. Ұстаз бен оқушы арасындағы ашық диалог, өзара құрмет пен түсіністік – бүгінгі білім жүйесінің басты тірегі. Менің ұстаздық ұстанымым – оқушыны тыңдай білу. Себебі тыңдалған бала ғана өзін бағалы сезінеді, өзіне сенімді болып өседі.

Қорыта айтқанда, білім мен тәрбие – ұстаз жүрегіндегі қос қанат. Бір қанаты әлсіресе, екіншісі биікке самғай алмайды. Ұлттың ертеңі – білімді де тәрбиелі ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақты тәрбиелеп, бағыт-бағдар беретін – ұстаз. Сондықтан бұл жол – үлкен жауапкершілік пен қасиетті парыз

 

Нұрмұхаммед Оңғарбайұлы,

аудандық білім бөлімінің мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі, педагог-ұйымдастырушы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT