Мектеп Парламенті: идеядан іске дейін

 

Исатай орта мектебінде оқушылардың белсенділігін арттырып, олардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту мақсатында «Жалын» атты мектеп парламенті жұмыс жасайды. Бұл ұйым – мектеп өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесін тиімді жүзеге асырып келеді.

 

 

«Жалын» парламентінің негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтарын қорғау, олардың пікірін ескеру және мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуына жағдай жасау. Парламент құрамына әр сыныптан сайланған белсенді оқушылар кіреді. Олар түрлі бағыттар бойынша жұмыс атқарып, мектептің дамуына өз үлестерін қосуда. Парламент мүшелері оқу жылы барысында көптеген іс-шаралар ұйымдастырды. Атап айтқанда, мерекелік кештер, патриоттық шаралар, спорттық жарыстар мен қайырымдылық акциялары жоғары деңгейде өтті. Сонымен қатар, оқушылар арасында тәртіп пен тазалықты сақтау мақсатында түрлі акциялар ұйымдастырылып, экологиялық жобалар жүзеге асырылды. 

 

 

«Жалын» парламентінің бастамасымен мектепте «Таза мектеп», «Бір алма» қайырымдылық акциясы, «Спорт – денсаулық кепілі» сияқты маңызды жобалар өткізілді. Ең ерекше әрі қызықты шаралардың бірі Парламент апталығы болды. Апталық барысында әр күн ерекше форматта өтті. Көңілді үзілістер, түрлі интеллектуалдық шаралар, квест ойындары ұйымдастырылды. Апталық қорытындысы кинотайммен аяқталды. Кино көру арқылы оқушылар пайдалы ой алып, кино желісін талқылады.  Бұл шаралар оқушылардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, бірлік пен ынтымақтастықты нығайтты.

 

 

Жетістіктерге келетін болсақ, парламент мүшелері аудандық және мектепішілік іс-шараларда белсенділік танытып, түрлі марапаттарға ие болды. Олар өздерінің ұйымшылдығы мен шығармашылығының арқасында мектеп абыройын көтеріп келеді. Сонымен қатар мектебіміздің Президенті Фархадқызы Кәусар «Көшбасшылықты дамыту: Стратегиялар мен құралдар» тақырыбында оқушылардың өзін-өзі басқару көшбасшылары үшін білім беру интенсиві шарасының аудандық, облыстық кезеңдерінен өтіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл жетістік - мектеп парламенті жұмысының бірізділігі мен жүйелігінің, ұйымшылдығы мен белсенділігінің айқын көрінісі.  Қорытындылай келе, «Жалын» мектеп парламенті – оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал ететін маңызды ұйым. Оның жұмысы арқылы оқушылар белсенді, жауапты әрі білімді тұлға болып қалыптасуда.

 

Інжу Төлеген, 
Ақпарат және Баспасөз фракциясының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT