№47 «Келешек» мектебінде 1272 оқушы жаңа мүмкіндіктермен білім алуда

2024 жылы пайдалануға берілген №47 «Келешек» мектебі оқушыларға заманауи талаптарға сай сапалы білім алуға барлық жағдай жасап отыр. 1200 орынға лайықталған білім ордасы қазір 1272 оқушыға білім беруде.

Мектепте білім алушылардың жан-жақты дамуына арналған заманауи зертханалар, STEM және робототехника кабинеттері, информатика сыныптары, кітапхана, коворкинг, акт залы және инклюзивті білім беру кабинеті жұмыс істейді. Бұл оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мектепте робототехника, тіл дамыту, домбыра, өнер және шығармашылық бағытындағы үйірмелер ұйымдастырылған. Оқушылар ғылым, технология және шығармашылық салаларында өз қабілеттерін шыңдап, түрлі жобаларға қатысу мүмкіндігіне ие.

«Келешек» мектебінің басты ерекшелігі – оқушыға қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру, тәжірибеге негізделген оқыту жүйесін енгізу және жаңа технологияларды тиімді пайдалану. Мұнда әр баланың жеке қабілетін ашуға және дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Мектеп ұстазы Гүлгүл Кәдірбеваның айтуынша, «Келешек мектеп» – тек жаңа ғимарат емес, сапалы білім мен жарқын болашақтың негізі.
– «Келешек мектеп» – бұл жай ғана жаңа ғимарат емес, бұл – сапалы білім мен жарқын болашақтың негізі. Мұғалім ретінде біз үшін ең маңыздысы – әрбір оқушының қабілетін ашып, оның қауіпсіз әрі жайлы ортада сапалы білім алуына жағдай жасау. Осындай мүмкіндіктердің арқасында еліміздің болашағын қалыптастыратын білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелейміз деп сенемін», – дейді ол.

Заманауи инфрақұрылым, инновациялық білім беру тәсілдері және оқушылардың жан-жақты дамуына бағытталған мүмкіндіктердің арқасында №47 «Келешек» мектебі өңірдегі жаңа буын білім беру ұйымдарының жарқын үлгісіне айналып келеді.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT