Сиыр майының қалдығынан баламалы отын өндіруге болады

 

Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің XII «F» сынып оқушылары Ерлік Ермұхаммед пен Ідірғали Мадияр қалдықтарды кәдеге жаратып, одан баламалы отын алуға бағытталған ғылыми жобасын халықаралық деңгейде таныстырды.

Жас зерттеушілер жетекші ұстазы Assif Abbas Syed-пен бірге Румынияда өткен «NextChem» ұйымының 2026 жылғы халықаралық «EuroChem» конференциясына қатысып, өз зерттеу нәтижелерін шетелдік ғалымдар мен сарапшылар назарына ұсынды.

Жобаның негізгі мақсаты – сиыр майының қалдықтарынан биодизель алу мүмкіндігін зерттеу. Жұмыс барысында сиыр майы, этанол және калий гидроксиді қолданылып, тұрмыстық қалдықтарды пайдалы өнімге айналдыру жолдары қарастырылған.

Зерттеу нәтижесінде алынған өнімді отын ретінде қолдану мүмкіндігі зерделенді. Сондай-ақ оны туристік мақсатта, соның ішінде от жағуға арналған құрал ретінде пайдалану жолдары қарастырылған.

Жобаның ерекшелігі – күнделікті тұрмыста қажетсіз қалдық саналатын майды қайта өңдеп, одан пайдалы өнім алуға талпыныс жасалуында. Бұл зерттеу қалдықтарды кәдеге жарату мен баламалы энергия көздерін іздеудің маңызын көрсетеді.

Атыраулық оқушылардың халықаралық ғылыми конференцияда өз жобасын таныстыруы олардың зерттеуге деген қызығушылығы мен ізденісін көрсетеді. Жас ғалымдарға алдағы ғылыми жұмыстарына сәттілік тілейміз!

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT