Ұстаздар «Үздік педагогикалық қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды

 

Мақат ауданының Доссор кентіндегі О.Сарғұнанов атындағы мектепте «Ұстаздық – ұлы жол» атты тағылымды шара өтті. Жиында облыстың бір топ педагогіне профессор, Атырау облысының Құрметті азаматы Құсиын Айтқалиевтің педагогикалық еңбегіне арналған «Үздік педагогикалық қызметі үшін» төсбелгісі табысталды.

Бұл марапаттың Құсиын Айтқалиевтің есімімен байланыстырылуының өзіндік мәні бар. Ғұмырын білім саласына арнаған ұстаздың еңбегі өңірдегі оқу-ағарту ісінің дамуына, шәкірт тәрбиесіне қосқан үлесімен бағаланады. Оның кәсіби жолы кейінгі буын мұғалімдерге өнеге екені белгілі.

Шараны Мақат ауданы білім бөлімінің басшысы Досжан Болатбекұлы ашып, марапат иелерін құттықтады.

Төсбелгіге ие болғандардың қатарында Индер ауданы Жарсуат ауылындағы Махамбет атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Меруерт Махметова да бар.

 

 

    -Бұл марапат үлкен жауапкершілік жүктейді. Ұстаздық жолдағы еңбегіңнің бағалануы адамға жаңа серпін береді. Құсиын Айтқалиев сынды ұлағатты ұстаздың есімімен байланысты төсбелгіге ие болу мен үшін үлкен мәртебе, — деді Меруерт Асқарқызы.

Білім беру саласында жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мұғалімдер үшін мұндай марапат кәсіби қызметіне берілген бағамен қатар, ұстаздық жолдағы ізденісті жалғастыруға серпін береді. Өйткені мұғалімнің қызметі тек сабақ берумен шектелмейді. Ол баланың қабілетін танып, білімге қызығушылығын арттырып, өз жолын табуына ықпал етеді.

«Ұстаздық – ұлы жол» шарасында осы кәсіптің мәні мен ұрпақ тәрбиесіндегі орны да айқын көрінді. Аға буынның тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу, жас мамандарға бағыт-бағдар беру білім саласындағы сабақтастықты сақтаудың маңызды тетігі.

Ал ұстаз еңбегінің ең үлкен нәтижесі шәкіртінің жетістігі мен елге пайдалы тұлға болып қалыптасуынан көрінеді.

Майра ЕРҒАЛИ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT